Теңіз кенішіндегі блокбекет карантин басталғаннан жұмыс істеп келеді

Атырау облысындағы ахуал әлі де алаңдатарлық. Теңіз кенішіндегі жұмысшылар арасындағы індеттің белең алуы қауіпті күшейтіп отыр. Жалпы карантин басталғалы еліміз бойынша осы кеніштегі тосқауыл бекетінің жұмысы бір тоқтаған жоқ. Ауру ошағына айналған кен орнына кіріп шығу қатаң бақылауға алынған.

Бұл еліміз бойынша әлі күнге дейін жұмысы тоқтамаған блокбекет. Теңіз кенішіне кіреберісте орнатылған. Күніне 150-ге жуық автокөлік өтеді. Әр бағыт бойынша орнатылған 4 блокбекетте тәртіп қатаң қадағаланады. Кенорнындағы аурудың күшейіп кетпеуі үшін тәртіп сақшылары блокбекетте күндіз-түні бақылау жүргізеді.

Ерболат Досмағұлов, Жылыой аудандық полиция бөлімінің бастығы:

- Қазіргі таңда 4 блокпост жүйелі түрде жұмыс жасап тұр полиция қызметкерлері. Күнделікті Теңіз қалашығына кіретін, шығатын автокөліктердің рұқсат құжаттары тексеріледі. Яғни Теңіз қалашығына кіретін автокөліктер Жылыой аудандық әкімшілігінен рұқсат құжаттарын рәсімдейді. Теңіз қалашығында құрылған штабтан рұқсат құжаттарын алып, бәрі тексеріліп, автокөліктер планшет арқылы тексеріліп, базаға енгізіліп отырады.

Бұл жерден өту үшін әр жұмысшының птр анықтамасы болуы шарт. Сондай-ақ блокбекеттен өтетін әр көлік рұқсат алуы керек. Теңіз кенішіне кіріп шығар алдында жұмысшылар 7 күндік карантинде болады. Соңғы тәулікте облыста 75 адамның ауру жұқтырғаны анықталған. Оның көбі Теңіз кенішіндегі жұмысшылар арасынан тіркеліп отыр. 

Гүлнәр Ербатырова, облыстық бас санитарлық дәрігерінің орынбасары:

- Жалпы облыстық көрсеткішіміз Қызыл аймаққа ауысып кетуіміз, бұл Теңіз кен орынында тіркелген аурушаңдықтың есебінен болып отыр. Сол жерде мониторингтік топ бар. Күні-түні олар жұмыс жасауда. Тіркеліп жатқан аурушаңдықтың көбі симптомсыздар арасында тіркеліп отыр. Скринингтен өту кезінде анықталып жатыр.

Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда қазір 900-ге жуық науқас ем қабылдап жатыр. Олардың 80-90 процентінде ауру симптомcыз түрде өтуде.   

Асланбек Шығыр, тілші:

- Өткен жылдың сәуір айында Теңіз кенішіне кіреберіс жерде орнатылған 4 блокпостта тәртіп сақшылары әлі күнге дейін қызу жұмыс істеп жатыр. Әр көлік пен жұмысшы туралы ақпаратты осындай планшеттер арқылы анықтап, содан кейін ғана олардың өтуіне рұқсат береді. Айта кетейік, бұған дейін осы блокбекеттерді айналып өтпек болғандар да анықталған еді. Тіпті жалған ПТР анықтама жасағандар да ұсталды. Осындай тәртіп бұзушылықтар бұл жерде қатаң қадағаланады. 

Авторлар: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов