Павлодар тұрғыны жарты тонна балықты заңсыз тасымалдаған

Павлодар қаласының тұрғыны жарты тонна балықты заңсыз тасымалдаған, деп хабарлады Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысының полицейлері үлкен көлемдегі балықты тиісті құжаттарсыз тасымалдағаны үшін Павлодар қаласының тұрғынын ұстады. 14 қаңтарда сағат 01:10 кезінде облыстық Өскемен – Самар тасжолының 60 шақырымында «ГАЗ» автокөлігі тоқтатылды.

«Құжаттарды тексеру барысында Самар ауылынан Өскемен қаласына бағыт алған 30 жастағы жүргізуші салмағы 565 кг «рипус» балығын тиісті рұқсат құжаттарынсыз тасымалдағаны анықталды. Аталған факті бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесі бойынша құқықбұзушы жауапкершілікке тартылады», – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

ШҚО Полиция департаменті балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз аулағаны үшін ҚК-нің 355-бабы бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертеді.