Имамдар тоғыз мың отбасыға көмектесті

Елде «Қайырымдылық жаршысы» марафоны басталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бір мезетте жағдайы жұтаң 9 мыңға жуық отбасыға көмек көрсетті.

Олар жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға, қарттар мен жалғыз басты әйелдерге азық-түлік себеттерін таратты. Бұл шара енді дәстүрлі түрде өтеді. Бір ғана елорданың өзінде имамдар 500-ден аса тұрмысы төмен отбасыға көмек көрсетті. Діни басқарма биылғы жылы атқаратын жұмыстарын жеті бағытқа бөлген екен. Қайырымдылық жасау соның тармағы.

Наурызбай Қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:

- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған жылдық жұмыс жоспарын бекітті. Бұрын төрт бағыт бойынша жұмыс істесек, биыл соны жеті бағытқа жеткіздік. Атап айтсақ, ақпарат және қоғаммен байланыс, уағыз-насихат бағыты, оқу-ағарту және қайырымдылық бағыты, тәрбие ілімі, ихсан бағыты, салт-дәстүр, сонымен қатар теріс ағымның алдын алу.