Ресей Федерациясының азаматы Қазақстанда 13 жыл құжатсыз тұрған

Павлодар облысында Қазақстан Республикасының аумағында 13 жылдан бері құжатсыз тұрған Ресей Федерациясының азаматы ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.

Өңірде заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылға, заңсыз иммигранттарды анықтауға және шетелдіктердің мәртебесін реттеуге бағытталған «Мигрант» жедел алдын алу шаралары жалғасуда.

«Облыс полицейлері Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнамасын бұзған 73 азаматты анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның 41-і шетел азаматы және 32-сі Қазақстан Республикасының азаматы болып шықты. Сонымен қатар Май ауданының полиция қызметкерлері Ресей Федерациясы Татарстан Республикасының азаматы болып табылатын 53 жастағы ер адамды ұстады. Тексеру кезінде ер адамның жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ екені белгілі болды. Айтуынша, ол 2007 жылы төлқұжатын жоғалтқан. Жеке басын анықтау үшін ер адам Павлодар қаласының қабылдау-тарату орнына 30 тәулікке қамалды. Жеке басын анықтағаннан кейін оған Ресей Федерациясының елшілігінен Отанына оралу туралы куәлік алу үшін анықтама беріледі, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Қазбек Ахметов.

Бұдан басқа қабылдау-тарату орнына белгілі бір тұрғылықты жері мен құжаттары жоқ алты адам орналастырылды.