ШҚО әкімдігі Семейдегі жылу мәселелерін бақылауға алды

Қазір арнайы жұмыс тобы құрылып, түйткілдің түйінін тарқату жолдары қарастырылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның құрамында энергетика, монополияға қарсы басқармалар мен Өскемендегі жылу орталығының мамандары бар. Бір аптаның ішінде жылу қазандықтарының жұмыстары сарапталып, тұрғын үйлерге жылу неге жетпей жатқандығы анықталуы тиіс. Кейін жылу беру сапасын арттыру жөнінде нақты шешімдер қабылданады. Біздің тілшілеріміз осыдан бірнеше күн бұрын қаланың бірнеше шағын ауданында көпқабатты тұрғын үйлерде халықтың тоңып отырғаны жөнінде репортаждар берген еді.

Бақытжан Байахметов, облыс әкімінің орынбасары:

– Сол жақ жағалауда да осындай ақаулар бар, оның бәрін анықтайтын боламыз. Себебі бұл жерде ондай жағдайдың болуы мүмкін емес болатын. Басқа да жағдай болып жатыр, ол үйдің өз ішінен бе, жылу беру трассасында ма немесе оған шыққан жылу дұрыс деңгейде бөліп отыр ма, бөлмей отыр ма соны анықтауымыз керек.