429,68 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өскемендік жастар қала көшелерін тазалап жүрген жұмысшыларға ыстық шай мен бауырсақ таратты

  • 214
  • UPD: 20:05, 15.01.2021
Өскемендік жастар қала көшелерін тазалап жүрген жұмысшыларға ыстық шай мен бауырсақ таратты

Өскеменде жастар қала көшелерін тазалап жүрген коммуналдық мекеме жұмысшыларына ыстық шай мен бауырсақ таратты, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Жылулық сыйла» акциясы аймақтағы барлық аудан, қалада өтіп жатыр. Қазір қала көшелеріндегі қарды күреуге 100-ден аса жұмысшы шығады. Олар кез келген ауа райына қарамастан аялдама мен жаяу жүргіншілер жолына құм сеуіп, мұзын да ояды. Тазалыққа жауапты адамдарға волонтерлар ыстық шәй, бауырсақ пен тәттілер ұсынды. Аялдамада қоғамдық көлік күтіп тұрған жолаушыларға да таратылды. Кешелі бері шығыста сары аяз сақылдап тұр. Кей солтүстік аудандарда сынап бағанасы күндіздің өзінде 30 градустан төмендеген. Мектептер мен колледждерде  бірінші ауысымда сабақ болған жоқ. Аязда таңнан кешке дейін көшеде жұмыс істейтін адамдарға бір уақыт бой жылытып шай ішу үлкен күш береді.

Гүлсім Нұржақып, қалалық коммуналдық мекеме жұмысшысы:

– Таңғы 8-ден бастап кешкі 5-ке дейін жұмыс істейміз. Бұл өте тосынсый болды. Жастардың бізге деген жүрегінің жылулығы деп сезінеміз. Ол бір шыны шай болғанымен, маңызы жоғары. Былтыр да жастар осылай әкелген. Биыл да келді, рақмет.

Арайлым Есімбекова, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры:

– Пандемия кезінде де біздің қаламыздың шетіндегі бекетте тұрған құқық қорғау органдары мен дәрігерлерге дәл осы «Жылулық сыйла» акциясы аясында ыстық бауырсақ пен шай таратқанбыз. Бұл акция әлі де жалғасын табады.

Хабар 24 телеарнасы