Шымкентте қайыр сұрайтындарға айыппұл салынады

Тәртіп сақшылары екі күннің ішінде қабылдау орталығына 77 адамды жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұсталған әйелдердің барлығы – шетелден келгендер. Олар шаһардағы адам көп жүретін орталық көшелерде жұрттан қайыр сұрауды кәсіпке айналдырған. Мамандардың айтуынша, алаяқтардың барлығы өздерінің қиын тағдырлары туралы айтып, босатуын өтінеді. Алайда қайыршы кейіпіндегі кісілер күніне 10-15 мың теңге табыс табатынын да жасырмайды. Бірақ санитарлық талаптарды айтпағанда адам тұруға келмейтін ескі ғимараттарға топ-тобымен жайғасқан. Онда үй-күйі жоқ қаңғыбастар да тұрып жатыр. Жақын арада сот шешімімен шетел азаматтары елден шығарылады. Кейбіріне айыппұл төлеуге тура келеді.  

Данабай Әлиев, қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бөлім басшысы:

– Іс-шара жүргізу барысында ұсталғандардың көбімен сұхбат жүргіземіз. Олардың көбі қайыршылықты әдетке айналдырған. Ақша табудың оңай жолы ретінде көреді. Қайыршылықпен айналысып жүрген азаматтарға біз әкімшілік кодескінің 444 бабы бойынша хаттама толтырып, ескерту немесе 5 АЕК көлемінде айыппұл саламыз. Екінші мәрте қайталған жағдайда шетел азаматтарын сот шешімімен елден шығарамыз.