БҚО-ның үш ауданында шектеу шаралары күшейтілді

Батыс Қазақстан облысында қаңтардың 1 мен 14-і аралығында COVID-19 жұқтырудың 572 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек соңғы тәулікте 41 тұрғыннан ауру белгілері анықталды. Қатерлі індетке шалдығу деректерінің дені жедел респираторлық вирусты инфекция симптомдары бар науқастарды тексеру кезінде белгілі болды. Бөрлі ауданындағы еңбек ұжымдарының бірінде 47 адам қатерлі індетке шалдыққан. Бұл қызметкерлер вахталық ауысымнан шығу алдында скрининг кезінде анықталыпты. Осыған байланысты Бөрлі ауданының аумағында, сондай-ақ Бәйтерек пен Жәнібек ауданында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында шектеу шаралары күшейтілді.

Нұрлыбек Мұстаев, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Қаңтар айында мемлекеттік шекарадан 6 мыңға жуық адам өтіп, карантиндік стационарға 227 адам жіберіліп, екеуінде ПТР нәтижесі оң нәтиже көрсеткен болатын.Облысымызда мониторингтік топтар жұмысы әлде де жалғасын табуда. Жыл басынан бері облысымызда 26 хаттама толтырылған болатын, осы шектеу шараларын бұзғаны үшін.