Еліміздегі мейрамханаларда ас мәзірі өзгереді

Биылдан бастап мейрамханалар мен дәмханалар премиум санаттағы тағамдарды ас мәзірінен алып тастауы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Рестораторлардың айтуынша, пандемия салдарынан нарықта қымбат мәзірмен шектелетін тамақтану орындары азаяды. Қазір қолжетімді тағам ұсынатын асханаларға сұраныс көп.

Елдегі эпиджағдай өзгермесе мейрамхана бизнесіндегі мекемелердің 40 пронценті банкрот болады. Рестораторлардың айтуынша, Алматыда 500-ден астам тамақтану орны жабылды. 3 мыңнан астам адам жұмыссыз қалды. Бизнесті сақтап қалу мақсатында кәсіп иелері премиум санаттағы тағамдарды ас мәзірінен алып тастауды жөн көрді. Себебі карантинге дейін орта есеп әр адам 10-20 мың теңге жұмсаса, қазір 3-5 мыңға төмендеді. 

Вероника Нұрпейісова, Қазақстан рестораторлар клубының президентінің кеңесшісі:

– Қазір жағдай мүшкіл. Себебі шағын мейрамханалардың қарызы – 7-9 млн теңге. Шығынға белшемізден баттық. Енді кәсіпті сақтап қалу үшін қолжетімді тағамдарды арттыруды жөн көріп отырмыз. 

Вирус шағын кәсіпті тұралатты. Енді кәсіпкерлер жаңа форматқа басымдық беруді жөн көріп отыр. Сала мамандары тапсырыс бойынша жеткізу үрдісін дамытуды көздейді. Себебі қарапайым тамақтану орындарының жеткізу айналымы 7-10 процентті құрайды.

Вероника Нұрпейісова, Қазақстан рестораторлар клубының президентінің кеңесшісі:

– Қоғамдық тамақтану орындарының 90 проценттен астамы шектеулі жағдайларда қызмет етеді. Жұмыс күндері 8 сағатқа дейін жұмыс істесе, демалыста жабық болады. Әрі қарай осылай жалғасса, мекемелердің шамамен 55-60% жабылады. Қазір пилоттық жобаны қолға алып жатырмыз. Мысалы, мейрамханаларда бардың орынына балалар алаңын жасаймыз. Отбасылық және фаст фуд дәмханаларынан түсетін пайда едәуір жоғары болды.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, мейрамхана қызметкерлері ПТР тест тапсыруға міндеттелмейді. Себебі олар жүйелі түрде талдау өткізуге тиісті мекеме емес. Тек тиісті санитарлық талаптарды қатаң сақтау маңызды.

Қарлығаш Әбдішева, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің басшысы:

– 2020 жылы мобильдік топпен тексеріс жүргізілген болған. 160 қоғамдық тамақтану орындары тексеріліп, 124-не айыппұл салынды. Қоғамдық тамақтану орындарының қызметкерлеріне ПТР тестті тапсыру күнделікті міндетті емес. ПТР тест жүйелі түрде тапсыратын ұжым тобына жатпайды. Егер коронавирус тіркелсе, сонда ғана тапсырады.

1-2 жыл бұрын тағам жеткізу қызметі 20 проценттен аспайтын. Қазір 35 процентке дейін өскен. Бұл пандемия салдарынан болған өсім екені белгілі.

Авторы: Наргиз Бекмағанбетова