Петропавлда зауыт жұмысшылары екі есе қысқаруы мүмкін

Мұнай-газ қондырғыларын шығыратын ірі кәсіпорын тапсырыстан қағылып, толық қуатта жұмыс істей алмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еңбек ұжымы бұл жағдайға бәсекелес компанияны кінәлап отыр.

Бұл – Қазақстандағы мұнай-газ қондырғыларын шығаратын ең ірі зауыт. ТМД елдерінде осындай төрт-ақ кәсіпорын бар. Соның бірі Петропавлда орналасқан. Былтырдан бері өндіріс ошағының жұмысы өнбей тұр.

Фёдор Дмитриев, зауыттың бас инженері:

– Былтыр 7 мыңдай сорғы шығардық. Өкінішке қарай, биыл өндіріс көлемі екі есеге азайып қалды. Сондықтан бір ауысымға ауыстық. Бірқатар қондырғы жұмыс істемей тұр.

Зауыт қызметкерлерінің айтуынша, газ-мұнай нарығына күдікті өндіруші кірген. 2019 жылы елордада тіркелген компания сатып алу байқауларына қатысып, бағаны түсіріп жіберген. Соның салдарынан петропавлдық кәсіпорын 1,5 млрд. теңгенің тапсырысынан айырылды. Шығынға батқан тарап кәсіпкерлер палатасына шағымданып, тексеріс жүргізілді.

Спартак Пушкарёв, зауыттың басқарма төрағасы:

– Біз олардың өндірісі жоқ кәсіпорын екенін дәлелдеп шықтық. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұйрығымен серіктестікке берілген сертификат күшін жойды. Бірақ араға бір ай салмай, бұл компания Ақтауда қайтадан ашылды. Рұқсат қағаздарын тағы да түгендеп алған.

Қазір бұл компания тағы да сертификат алып, сатып алу байқауларына қатысып жүр. Мән-жайды білу үшін Ақтаудағы серіктестік директорына хабарластық. Оның айтуынша, өндіріс ошағы барлық талапқа сай жұмыс істейді.

Мұратбек Қожахметов, серіктестік директоры:

– Бір емес, үш тексерістен өттік. Сертификат аларда ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен машина жасау одағының өкілдері өндіріске тіркеу жасады. Соңғы рет желтоқсанда келіп кетті. Оң шешім шығарды. Бәрі дұрыс.

Петропавлдағы зауыттың тапсырысы жарты-ақ жылға жетеді. Зауыт басшылығы жазда оларды екі есеге дейін қысқартудан басқа амалымыз жоқ дейді. Қазір мұнда 150 адам жұмыс істейді. Бұл мәселе туралы кәсіпкерлер палатасына сұрау салдық. Әзірге жауап жоқ.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов