Павлодарда ит серуендетуге арналған орындар тапшы

Павлодар тұрғындары ит серуендететін орын тапшы дейді.

Бүгінде облыс орталығындағы мамандандырылған вольерлердің саны аз. Ал үй жануарын ұстаушылардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Салдарынан ит қапқан оқиғалар артқан. Бір жылда 500-ге жуық адам жарақат алып, дәрігер көмегіне жүгінген.

Ит ұстаушылар қоғамдық тәртіпті бұзбау үшін осы жерде серуендейді. Валентина Павлухина мұнда жету үшін бірнеше шақырым жүріп келеді. Себебі бұл - жақын маңдағы жалғыз вольер.

Валентина Павлухина, ит ұстаушы:

- Ит асыраушыларға қиын. Көптеген жерлерде жануарларымызды серуендете алмаймыз. Рұқсат жоқ. Ал айыппұл төлегіміз келеді. Павлодардың әр шағын ауданында кем дегенде бір вольер болса деген тілек бар. Осы жерге келу үшін жарты сағат уақыт жұмсаймыз. Иттеріміз адамдар үшін қауіпсіз болса да, заңды бұзғымыз келмейді.

Жабдықталған орын жарты жыл бұрын ашылған. Ит ұстаушылар арнайы орындарды тазалап, күтуді өз мойындарына алған. Бұған қарамастан, нысанды бәзбіреулер қиратып үлгерген.

Қазіргі таңда Павлодар қаласында иттерді серуендетуге арналған небәрі осындай алты орын бар. Ит ұстаушылардың айтуынша, бұл тым аз. Себебі облыс орталығында адамдарды ит қабу деректері көбейіп кеткен. Мұны ескерген жергілікті билік алдағы уақытта бірнеше вольер ашуды жоспарлап отыр.

Вероника Троянова - кинолог маман. Сала маманы вольерлердің аздығына алаңдаулы. Өзі - біршене иттің иесі. Төрт аяқты достарын серуендету үшін үйінен алыс жатқан жабдықталған орынға баруға мәжбүр.

Вероника Троянова, кинолог:

- Қолдау аз. Бір шағын ауданда кем дегенде екі-үш вольер болса деген тілек бар. Иттер өте көп. Тұқымдары да сан алуан. Ал адамдарда өз жануарларын алаңсыз қыдыртуға мүмкіндік болуы керек. Арнайы орындардың аумағы да кішкентай. Оған қоса, жануарларды серуендету регламентіне қатысты сұрақтар көп. Мәселе реттелу керек.

Павлодардағы алты вольердің үшеуін ит асыраушылар өз күштерімен салған. Жергілікті билік рұқсат берсе, тағы бірнешеуін тұрғызуға ниетті. Ол үшін қомақты қаржы жұмсауға да бар. Жауапты мамандардың мәліметінше, осы жылы арнайы алаңдарды жабдықтауға 10 млн теңге бөлінген.

Анар Сүлеева, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Иттерге арналған орындарды ашу жөніндегі өтініштер өте көп. Хаттар де келіп түсуде. Вольерлер алыс болса, тұрғындар жануарларын мектеп, саябақ аумақтарында серуендетеді. Сәйкесінше, ата-аналар балалары үшін алаңдап, шағымданады. Мәселені бірдіндеп шешіп жатырмыз. Себебі, қажеттілік бар. Қосымша алаңдарды орнату биылғы жылдың жоспарында.

Денсаулық сақтау, білім беру, спорт нысандарының аумақтарында жануарларды серуендетуге тыйым салынған. Арнайы орындар тым тапшы болғандықтан, бұл ережені елемейтіндер азаймай тұр. Соңғы бір жылдың ішінде аймақта төрт мыңға жуық ит-мысық иесіне айыппұл салынған.

Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Жеңіс Темірболат

Сондай-ақ...