Алматы облысының бес жылдық даму жоспары әзірленді

Еліміздегі үш ауысымды мектептердің көбі Алматы облысында. Өңірде оқушы саны жыл сайын 20 мыңға артады. Облыстағы емдеу мекемелерінің тең жартысына жуығы да жөндеуді қажет етеді. Әлеумет үшін маңызды проблемаларды шешу үшін аймақтың бес жылдық даму жоспары әзірленді. Бағдарлама көпшіліктен түскен өтініштер мен шағымдар негізінде дайындалған.

Жаңадан сайланған жергілікті мәслихат депутаттары жұмысына кірісті. Олар алғашқы күннің өзінде-ақ өңірдің даму жоспарын бірауыздан мақұлдап бекітіп тастады.

Дамир Дигай, облыстық мәслихат депутаты:

- Бұл ерекше бағдарлама. Олай дейтін себебім біріншіден, жоба «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында тұрғындармен  кездесу нәтижесінде  дайындалған. Онда  атқарылатын нақты жұмыстар мен  индикаторлар көрсетілген. Өңірдің бес жылдық даму жоспары халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін жақсартады деп ойлаймын.

Маңызды құжатта әлеуметтік салаға басымдық берілген.

Әсіресе оқушыларды үш ауысымда оқытатын мектептер санын азайту көзделіп отыр.

Майгүл Омарова, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Бүгінгі күні 49 үш ауысымды мектеп анықталып отыр. Соған сәйкес, алдағы бес жылда 86 мектеп салу жоспарланып отыр. Негізінен үш ауысымды мектептердің орналасқан жері оңтүстік өңір. Алматы қаласының маңында орналасқан аудандарда. Барлық құрылыс объектілері сол аудандарда салынатын болады.

Өңірдегі тағы бір өзекті мәселе денсаулық сақтау саласына қатысты. Облыстағы емдеу мекемелеріне реаниматолог, неонотолог, педиатр, акушер гинеколог сынды дәрігерлер қажет. Одан бөлек медицина нысандарының 56 проценті ескірген. 2025 жылға қарай тозығы жеткен ғимараттардың тең жартысына жуығы жаңартылмақ.

Арман Жансенгіров, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Жоспар бойынша 124 медицина ұйымы салынады. Оның ішінде поликлиника, врачебная амбулатория, медицинский пункт бар. Қазір бізде 120 резидент дәрігер акиматтың  қолдауымен оқып жатыр.  Оның ішінде педиатрлар, реаниматологтар, неонатологтар  бар. Биыл бітіреді. Үш жылдық резидентураны бітіреді. Бізге Алматы облысына медицина ұйымдарына келеді.

Жомарт Әмірханов, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы:

- Қазір біздің жалпы өңірлік өнімімізге келсек ол 3 трлн аса жыл сайынғы 4 пайыздық өсіммен 5 триллионға жетеміз деп отырмыз.  Өнеркәсіп өндірісі негізгі саласы қайта өңдеу, қайта өңдеу бойынша бізде 600 млрд астам инвестиция салынып, 4,5 мың жұмыс орыны құрылатын болады.

Ендігі бес жылда қоғамдағы қауіпсіздік мәселесіне жіті көңіл бөлінеді. Облыстағы 400-ден астам елді мекеннің инфроқұрылымы жақсарып, 4 мың шақырымнан аса жол жөнделмек. Ал ауыз су, бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесі толықтай шешімін табады. 

Авторлар: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов