Оралда мұз айдынының саны көбейді

Орал қаласында мұз айдындарының саны биыл 2 есе артты. Сырғанақ алаңдары шаһар шетіндегі шағын аудандар мен саяжайларда ашыла бастады. Былтыр сенімгерлік басқаруға беріліп, жұмысы тұралап қалған «Жастар» стадионы да қайта ашылды. Алайда спорт нысанын инвестор емес, мемлекет қаржыландырды.

Сырғанақ алаңында конькимен желдей ескен мына балақайлардың қуанышында шек жоқ. Өйткені дәл осы ауданда мұз айдыны алғаш рет ашылды.

Батырхан Жакиянов, мектеп оқушысы:

- Мен осы жақта тұрамын. Мен мұнда достарыммен, кластастарыммен келемін. Мұнда бұрын коньки (алаңы) болған жоқ. Мұнда тегін.

Биыл қалада 40-тан астам сырғанақ алаңы пайдалануға берілді. Олардың жартысына жуығы мемлекет қазынасы есебінен жүзеге асырылған. Мұз айдындары шаһар орталығымен қатар, шеткі аудандарда және Зачаганск бау-бақша серіктестігінде де ашылды. Бұл алаңдарды тұрғындар тегін пайдалана алады. Ал кәсіпкерлер құйған мұз айдындарына кіруге және  конькиді жалға алу үшін ақша төлеуге тура келеді.

Артур Шерғалиев, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

- Табиғат деген биыл өте жақсы су құюға. Қазіргі таңда мұздың сапасы, бәрі жақсы. Балалар келіп, серуендеп, ойнап, көңілді күймен жүр. Біздер өздеріміз сараптама жасадық, өзіміздің специалистер бәрін аралап, мұздың бәрін қарап.

Қаладағы ең үлкен мұз айдыны «Жастар» стадионында құйылды. Спорт нысаны бірер жыл бұрын сенімгерлік басқаруға берілген еді. Инвестор жарық, су, кәріз желілерін толықтай жаңғыртқан. Алайда жасанды мұз қатыруға арналған тоңазытқышты іске қоса алмады. Құрылғыны жөндеу қажет болған. Ал бұл жұмысқа жауапты мердігер басшысы жемқорлық дерегімен сотты болып, жоба ұзаққа созылып кетті. Кейін инвестор стадионды кері мемлекет меншігіне қайтаруды ұйғарды. Қазір спорт нысаны ел қазынасы есебінен қаржыландырылып отыр. Ал мұз әзірге аяздың күшімен ғана қатып тұр.

Асхат Шайхиев, жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры:

- Қазір бізге бергесін бірден қоса алмадық оны. Ноябрьде оның бәрін, процедурасын өткізу керек (еді). Оның процедурасы 20 күндей уақыт алады. Майын қыздыру бар, майын ағызу бар. Заказ берілді. Алдағы уақытта +10 градуста да бізде холодильник жұмыс істеп тұруы керек.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Мұз айдындарына келетін тұрғындардың қарасы қалың. Әсіресе кешкі уақытта көп жиналады. Қыста таза ауада бой сергіту денсаулыққа пайдалы екені рас. Сондықтан сырғанау алаңдарын ашу бұқаралық спортты дамытуға да өз септігін тигезіді. Біз де жұмыстан соң осында келіп, сәл бой жазып алуды ұйғардық. Сіз де қатарға қосылыңыз!

Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов