Қызылордада тендерге тек жергілікті кәсіпкерлер қатыса алады

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша құны 10 миллиард теңгенің 64 жобасы арнайы тәртіппен тек Сыр елінің бизнес құрылымдарына берілген. Өзге облыстың мердігерлері конкурсқа жіберілмеген соң аймақта қаржы айналымы ұлғайған. Бұл экономикалық көрсеткіштерге оң септігін тигізгені байқалады. Сонымен қатар ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға жергілікті кәсіпорындар тартылып жатыр.

Жылына 30 мың тонна асфальт шығарып келген кәсіпорын былтыр қуаттылығын 2 есеге арттырды.  Өйткені сұраныс арта түскен. Тапсырыс көбейген соң 100 адам еңбек ететін зауытқа қосымша 80 жұмысшы алынды. Битумды Ақтөбеден, қиыршықтас пен қоспаларды іргедегі Қаратаудан тасымалдайтын өндіріс ошағы аймақтың барлық ауданын асфальтпен қамтамасыз етіп отыр.

Артур Әбжанов, асфальт өңдеу кәсіпорны директорының орынбасары:

- Республикалық ұлттық активтер зертханасы іске қосылып, жұмыс жасаған асфальт құрамын тексертіп, жарамды деп анықталған асфальт төсеп келеміз. Зауыт Украинадан әкелінген, ресейлік және германиялық техника бар.  

Карантинге байланысты, шектеулерге байланысты мұнай компаниялары да отандық өнімді көбірек тұтынатын болған. Былайғы уақытта кеңсе-тұрмыстық жиһазды аттай қалап шетелден алдыратын қара алтын өндірушілер жергілікті цехтардың өнімін пайдалануға көшкен. Есік-терезені ауыстыруды да сырбойылық ағаш өңдеу шеберханасының жұмысшыларына сеніп тапсырды. Одан бөлек әлеуметтік нысандардың құрылысына да осында жасалған материалды  қолданған.

Рүстем Ізтілеуов, ағаш өңдеу цехының жетекшісі:

- Қызылорда өнімдерінен желім келеді. Сыр елінде ағаш жоқ, Қостанай, Өскемен ағаштың отаны. Сол жақтан келеді көбіне. Ас үй, кіреберіс, кеңсе жиһазын шығарамыз. Есік, терезе, баспалдақ ағашқа тиесілі бұйымның бәрін өзіміз шығарамыз.

Өткен жылы облыс орталығында мемлекеттік бағдарламалар аясында 33 спорттық алаң, 70 аялдама, 68 көшеге тротуар салынды. Сондай-ақ қаланы абаттандыру жобаларына қатысқан 6 мыңдай қызылордалық жұмыспен қамтылды. 

Бектас Нұридинов, қала әкімінің орынбасары:

- «Еңбек» бағдарламасында 1200 адам 600 миллионға жуық 200 АЕК шеңберінде қайтарымсыз грант алуына мүмкіндік берілді. Яғни олар жаңадан ашылып жатқан бизнестер. Ал істеп жатқан бизнесін ұлғайту мақсатында жол карта аясында 6 миллиард теңге 130 жоба жүзеге асырылып, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 6% жеңілдетілген несие арқасында 35 жоба жүзеге асырылды.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Мемлекеттік сатып алудағы арнайы тәртіппен белгіленген ережеге сәйкес, облыс, қала әкімдігі жариялаған тендерлерге тек Қызылорданың ғана кәсіпкерлерін қатыстыру тәсілі биыл да жалғасын табады. Сонымен қатар сырбойылықтардың жаңа бизнес идеяларын қолдау тетіктері де көбейе түспек. Жыл басынан бері қайтарымсыз грант алып, өз ісін бастауға 660 адам өтініш беріп үлгіріпті.

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев