Павлодар облысындағы Луганск ауылының балалары жеті метрлік аққала жасады

Оны жасауға оқушылар бірнеше апта жұмсаған.

Ағайынды Сергей мен Максим Хайруллиндер онлайн байқауға қатысу үшін ең үлкен аққала жасауға бел буған. Ал сыйлық ретінде қомақты сома қарастырылған. Оқушылар алдымен қар үйіп, оны күнде-күнде қатырып отырған. Кейін алып мүсіннің пішінін дайындауға кірісті. Қауіпсіздік ережелерін де сақтауға баса мән берді. Балалар аққаланы жасау кезінде ешқандай арнайы техника қолданбаған. Шығармашылық жұмысты тек күректің көмегімен атқарып шықты.

Айта кетейік, бұл - ағайындылардың мүсін жасаудағы алғашқы тәжірибесі емес. Екі жыл бұрын төрт метрлік аққала бой көтеріпті. Биылғы жылы бұл рекорд жаңартылғаны сөзсіз.

Сергей Хайруллин, оқушы:

- Аққаланы желтоқсанда тұрғыза бастадық. Бір жарым ай уақыт жұмсадық. Бұл іспен кешкі уақытта айналысып отырдық. Ағам көмектесті. Ауыл тұрғындары мүсінді көріп, қызықтап жатыр. Ешкім қарсы болған жоқ.

Максим Хайруллин, оқушы:

- Аққаланы жасауға 10 тоннадан астам қар қолдандық. Барлығын өзіміз арбалап тасыдық. Оның пішінін ұзын арқанның көмегімен жасадық. Жұмыс барысында сәтсіз жайттар да болды. Бірақ райымыздан қайтпадық. Көршілерімізді бір қуантып тастадық.