Ақтауда 124 ойын алаңы жөндеуді қажет етеді

Әсіресе қаланың төменгі бөлігіндегі алаңдардың тозығы жеткен.

Жылдар бойы жөндеу көрмегендері қаншама. Балалар асыр салып ойнайтын кез қашан келеді?

Ақтау қаласының тұрғыны Юлия Гордиевская үйінің қасындағы ойын алаңына көңілінің толмайтынын айтады. Ағаштан жасалған ертегі кейіпкерлері қорқынышты фильмдерді көз алдыңа елестетеді дейді көп балалы ана. Мұндағы әткеншек, сырғанақтар сынып жатыр, балалар ойнайтын құм да жоқ. Ойын алаңына қауіпсіз жабынды төселмеген.

Юлия Гордиевская, қала тұрғыны:

- Көрші аулаларда заман талабына сай ойын алаңдары бар. Біздің де алаңды жаңартып берсе деген тілегіміз бар. Міне, көріп тұрсыздар. Балалардың өздерін ойнауға жібере алмаймыз. Алаң көшеге тиіп тұр. Қоршауы да жоқ. Қауіпті.

Қала билігі мұндай нысандардың жыл сайын кезең-кезеңімен жөнделіп жатқанын тілге тиек етті. Мемлекеттік бағдарлама аясында өткен жылдары 663 балалар ойын алаңы жөнделіп, 22 спорт алаңы толық жаңартылған. Ал биыл жарамсыз күйге түскен 10 балалар ойын алаңын қалпына келтіру жоспарланып отыр.

Әнуар Төлеков, қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:

- 2020 жылы абаттандыру жұмыстары бойынша жергілікті бюджеттен 9 балалар ойын алаңы салынды. 5 спорт алаңы салынған болатын. Олар 3 шағынаудан, 4 шағынаудан және 11 мен 31 «б» шағынаудандарда салынды.

Жалпы облыс орталығында 815 көп қабатты үй, 210 аула бар. Соның 140-ы заман талабына сай спорт және ойын алаңдарымен қамтылған. Қалған 70 ауладағы ойын алаңдары алдағы жылдары кезең-кезеңімен жаңарып, орнатылады.

Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев