Оралдық фермер қала шетінде жылқы бағып отыр

Орал қаласының тұрғыны жылқы бағып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Фермер шаһар шетіне қора-жай салып, қылқұйрықтарды күтіп-баптауды қолға алды. Күн сайын бие сауып, жұртқа саумал мен қымыз сатады. Бие сүтіне сұраныс артқан. Іскер жан кәсіппен қатар ұлттық құндылықты ұлықтауға ден қойды. Кәсіп иесі балаларымен бірге жылқыға құмар өзге жеткіншектерді де атбегілікке баулып жүр.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Ауылдың тынысын қалаға әкелді. Ата кәсіпті түлеткен фермер жылқыларын қалаға әкеліп бағып отыр. Қазір қыс мезгілі болғандықтан, Қамбар ата тұқымдарын қорада ұстап, жем-шөбін салады. Оларды күніне 4 мезгіл сауады екен.

Ақылбек Ишанов бірер жыл бұрын шаһарға алдымен 2 бие алып келген. Саяжайға киіз үй тігіп, саумал сата бастады. Кейін ақырындап қора-жайын салып алды. Бие сүтіне сұраныс артқан соң жылқыларының санын арттырды. Алайда қалада үйір жылқыны бағу алғашында оңай болмапты.

Ақылбек Ишанов, шаруа:

- Басында қиын болды, өйткені мына жерді, айналаны өзім де дұрыс білмеймін. Мысалы, тоғайдың ішінде жылқымыз жоғалып кетіп жүрді. Бір жағымызда жол болса, арғы жағымыз Жайық. Саяжайлар бар, онда кіріп кетсе, малды, жылқыны шығару қиын. Қазір, шүкір енді, айналаны жаттап болдық.

Шаруа қазір қалада 20-дан астам жылқы бағып отыр. Қыста сауын биелердің саны азаяды. Ал, қай кезде болсын саумал мен қымызға сұраныс төмендеген емес. Көбісі дертіне дауа іздеген жандар. Жақын маңдағы ауылдан арнайы іздеп келеді.

Сейілхан Мұхитов, Қызылағаш ауылының тұрғыны:

- Емдікке 10 шақты күн ішкен дұрыс дейді. Солай ішеміз. Он күн ішіп, демалып, арасында солай келіп тұрамыз. Жақсы.

Фермерге балалары қолғабыс қылып жүр. Қара домалақтар жылқыны ер-тоқыммен де, жайдақ та тізгіндей алады. Қылқұйрықтарды күтіп-баптаудың қыр-сырын меңгеріп келеді. Шаруа жылқыға аңсары ауған өзге жеткіншектерді де атбегілікке баулуға дайын.

Нұр Қабиев, мектеп оқушысы:

- Мен осында жылқыларға еркін отырып, шабуды үйренген ұнайды маған. Мен де үйреніп келе жатырмын, достарымнан қалыспай.

Шаруа алдағы уақытта балаларға арнап ұлттық спорт үйірмелерін ашуды жоспарлап отыр. Қаладағы ат спорты мектебінің мамандары бұл бастамаға қолдау көрсетпек.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...