Қызылорда облысында 27 қоқыс полигоны салынады

Олардың барлығы Арал ауданында ашылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мақсатқа 160 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Қазір сыйымдылығы жылына 37 мың тоннаға жететін жинау, сұрыптау алаңы жұмысын бастады. Енді тұрмыстық қоқыс үйінділері мен полигонға қатысты түйіткіл біртіндеп шешімін табады.

Шашылған қоқыс, мүңкіген иіс. Бұл – Арал қаласындағы заңсыз төгілген қоқыс алаңдарының көрінісі. Коммуналдық қызмет көше бойын күнде тазаласа да, бұрыш-бұрышқа тұрмыстық қалдықтарын тастай салатын жауапсыз тұрғындар да аз емес. Таң алакеуімнен күн қарайғанға дейін аула сыпырушылар төңіректі тап-тұйнақтай етуге тырысады.

Арал қаласы маңындағы ескі полигон осыдан 15 жыл бұрын ашылған. Бүгінде бұл жер аузы-мұрнынан шығып тұр. Сондықтан кейбіреулер қаладан шыға бере көрінген жерге күл-қоқысын аударып кете беретінді шығарған.

Береке Биғамбетов, Арал қаласының тұрғыны:

- Қазір жер дүниенің бәрі целлофан болып кетті ғой. Жан-жағының бәрі целлофан, қоршап еді оған да болмай тұр қазір. Сондықтан мына жаққа тасып жатырмыз қазір, қаладан 4 шақырым жерде, бұрын сәл қашықтау еді.

Айтулы мәселені шешу үшін қала маңынан тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған жаңа полигон ашылды. «Мұнда қоқысты сұраптауға да мүмкіндік болады», - дейді мамандар.

Амантай Тасқынбаев, Арал қаласының әкімі:

- Бұл жерде 3 шұңқыр қазылған қатты қалдықтарды жинақтайтын. Әрқайсысы 160 метр, ені 83 метр, тереңдігі 3,5 мтерден. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігін сақтауға 50 кубтық резервуары бар және 10 кубтық техникалық су жинақтайтын дизенфекциялау ваннасы орналастырылған. Сонымен қатар полигонның жан-жағының бәрі қоршалған, жарық жүргізілген.

Жаңа қоқыс полигонның пайдалану мерзімі – 15 жыл. Алдағы уақытта Арал ауданындағы әр елді мекеннің тұсынан осындай барлығы 27 қоқыс жинау және сұраптау нысандарын ашу жоспарда бар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев