Қарағанды облысының тұрғыны 200-ден астам ит пен мысықты асырап отыр

Қарағанды облысының Саран қаласында жергілікті тұрғын 200-ден астам ит пен мысық асырап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Хайуандардың барлығы 3 жылда жиналған. Бірінің қожайыны шетелге көшіп кеткен, енді бірін иесі әкеп тастаған. Көлік астында қалып, қатарға қосылғандары да бар. Өңірдегі тілшіміз 200 ит-мысықпен бір шаңырақта тұрып жатқан жанмен жүздесіп қайтты.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Қайырымдылықтың басы дәл осы алып мастив тұқымды иттен басталған. Шетелге көшкен қожайыны сенімді серігін атып тастамақ болыпты. Алайда Елена араша түсіп, итті үйіне алып кеткен. Осыдан кейін оның төрт аяқты достарының саны күрт көбейді.

Қазір жер үйдің ауласы итті үйшігіне, іші мен қорасы мысықтың мекеніне айналған. Барлығын тамақтандыруға қыруар қаржы кетеді. Әйтеуір таныстары қол ұшын береді екен. Ал, мына ит пен мысық жақын арада Германияға, мына марғау Израильге кетеді. Әлеуметтік желіден көргендер оларды ұнатып, салып жіберуін өтінген.

Елена Иванова, Саран қаласының тұрғыны:

- Қазір аталған ит-мысықтарға чип пен вакцина салып, жолға дайындап отырмыз. Егер ұшатын адамдар болса, беріп жібереміз. Бір қиындығы, ұшақ багажнигіндегі орынға 67 мың теңге кетеді. Мемлекет не әуе компаниялары ең болмаса осы жағынан көмектессе ғой, себебі үй-күйсіз хайуандарды қорғап қалып жатырмыз ғой. Негізі олардың құқығы заң деңгейінде қорғалу керек. Қажет кезде алып, одан соң атып тастау деген нағыз қылмыс.

Мысықтарға қарап жүрген Светлана – Еленаның құрбысы. Ол да біраздан бері осында келіп, ерікті түрде көмек қолын созып жүр. «Өзге елдермен салыстырғанда бізде хайуандарға қатал қарайды», - дейді ол. Сондықтан қамқорлық көрсетуге ниетті.

Светлана Невдах, Саран қаласының тұрғыны:

- Тәулігіне екі мәрте тамақ береміз. Таңертең тауық еті, ал кешке құрғақ жем беріледі. Суын тұрақты түрде ауыстырып отырамыз. Жататын орындарын, астын бірнеше мәрте тазалаймын. Негізі адамдар осы жерден үйретілген мысықтарды алып, оларға мейіріммен қараса жақсы болар еді.

Елена омыртқасына операция жасатып, жарты жыл төсек тартып жатқан. Кейін аяғына тұрған кезде қорғансыздарға қамқорлық көрсеткісі келіпті. 4 баланың анасы үш жылда 1 мың ит пен мысыққа жаңа қожайын тауып берген. Бір жылдан бері жануарларды қорғауға бағытталған ұйым құрыпты. Енді бұл жұмысын заңды түрде бірізге түсірмек. Алайда, елде хайуандардың құқығын қорғау мен қолдаудың заңдық нормативінің болмауы көп кедергі келтіретін көрінеді.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев