Ақтөбеде архивті цифрлы жүйеге көшіру қарқындады

Елімізде архив құжаттарын цифрлы форматқа көшіру ісі жалғасып жатыр. Ақтөбеде бұл жұмыс қарқын ала түскен. Мемлекеттік қолдау аясында алынған қуатты құрылғылардың көмегімен қазір күніне мыңдаған материал цифрландырылады. Арасында ел мен өңірдің тарихына қатысты аса құнды деректер де бар. Цифрлы форматқа айналдырылған құжаттар енді таяу уақытта біріңғай ақпараттық жүйеге енгізіледі. Нәтижесінде кез келген адамның қолдануына мүмкіндік бар.

Бұл облыстың мемлекеттік архив мекемесіндегі құжаттарды цифрландыру үшін арнайы жабдықталған бөлме. Құнды саналатын қағаздың лезде айна қатесіз көшірмесін жасайтын сканерлермен, былтыр жылдамдығы жоғары құрылғылармен толыққан. Ұзақ жыл сақталған жәдігерлерді шаң-тозаңнан тазартатын жылжымалы аппарат та бар.

Мамандардың айтуынша, мұндай мүмкіндікке қазір аудандық архив бөлімдері де ие. Нәтижесінде құжаттарды цифрлы форматқа көшіру әлдеқайда сапалы және жылдам жүріп жатыр.

Шарбану Мұхтарова, құжаттарды есепке алу және сақталуын қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:

- Күніне шамамен 3000 - 3200 парақты сканерлеп өтеміз. Сканерленген құжаттар электронды құжаттардың біріңғай архиві ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Онда бізде бұл құжаттардың ұзақ сақталуы қамтамасыз етіледі және оларды тұтынушыларға яғни қолжетімділігін арттырады.

Облыстық архив қорында жеті жүз мыңға жуық құжат сақталған. Бүгінге дейін оның алты мыңы цифрлық форматқа көшірілді. Барлығы да енді бірыңғай электронды ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Нәтижесінде мұрағат деректеріне қызыққан әрбір жанның қолдануына мүмкіндік туады. Тек цифрлы қолтаңба арқылы желіге қосылуы қажет. Мұндағы мамандардың айтуынша, көпшілікті қызықтыратын тақырыптар мол. Арасында ел мен облыстың өткен ғасырлардағы шаруашылық құрылымы, экономикасы және өзге де салалардан сыр шертетін аса құнды құжаттар бар.

Марат Төлебай, облыстық мемлекеттік архивтің директоры:

- Оның барлығы 1860 жылғы метрическая книга дейміз, оның ішінде жазбалар бар туу туралы куәлік туралы. Сол кітаптар. Сосын сол уақыттағы Торғай өңірінің статистикалық есеп кітабы бар. Көше атаулары берілгендігі, көптеген елді мекендердің ашылғандығы туралы және адамдардың қоныстанғандығы туралы құжаттар.

Цифрлы форматқа көшіріліп, кейін ғаламтордағы ақпараттық жүйеге түсетіні құжаттардың көшірмесі ғана. Негізгі тұпнұсқасы архив қорында әрі қарай сақтала бермек. Оның қауіпсіздігі күшейту былтыр ғимаратта жүргізілген күрделі жөндеу жұмысы барысында толық ескерілген. Ал қорды құнды деректермен толтыру үшін мұндағы мамандар биыл Ресей архивтерінде болып, елге қатысты мәліметтерді жинауды жоспарлап отыр.

Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев