Елордадағы №31 мектеп-гимназия карантинге жабылды

Елордада тағы бір білім ордасы екі аптаға карантинге жабылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нөмірі 31-мектеп гимназияның бастауыш сынып оқушысынан коронавирус анықталған. Мектепті карантинге жабу туралы қаулыны қалалық санитарлық дәрігер шығарды. Таңғы ауысымда кезекші сыныпқа келген оқушылар үйіне қайтарылып, түстен кейінгі ауысым оқушыларына мектепке келмеу туралы ескерту жарияланды. Мектеп директорының айтуынша, оқушы ауруды отбасында жұқтырған болуы мүмкін. Себебі бұған дейін оның әжесінен коронавирус анықталған. Бірақ баланың жағдайы жақсы. Сыныптастарының арасында дене қызуы көтеріліп, өзін жайсыз сезінгендер жоқ.

Айнұр Чужетова, №31 мектеп-гимназияның директоры:

– Әжесінің ауырғаны 13 қаңтар күні белгілі болды. 13 қаңтардан кейін бала мектепке келген жоқ. Өйткені 14 қаңтар күні ауа райының қолайсыздығына байланысты бала қашықтықтан оқытылды. Бала ПТР тестті 13-і күні ғана тапсырып, осы демалыс күні ғана ата-анасы хабар берді. Бүгін қаулы түсті. Сол қаулыға сай балаларды қашықтан оқуға жібердік. Дезинфекцияға тапсырыс берілді. Бүгін өткізу керек.

Қазір елордада 6 мектеп карантинге жабылған. Коронавирус анықталған 2 мұғалім және 29 оқушы ем алып жатыр. Ал карантинге жабылған мектеп оқушылары қашықтан оқытылады.