Павлодар облысында ұйымдардың 80% қашықтан жұмыс істеуге көшеді

Қауіпті індет өршіген Павлодар облысы қайтадан «қызыл аймаққа» енді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде соңғы тәулікте коронавирус жұқтырудың 155 оқиғасы тіркелді. Жұқпалы аурулар аурухаларының жүктемелері 35 процентті құрайды. Стационарлық ем қабылдап жатқан науқастар саны 617-ге жеткен. Жансақтау бөлімдерінде жатқан 21 адамның жағдайы ауыр. 6 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Өңірде коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бәсеңдемей тұр. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес сауда орындары, азық-түлік емес дүкендер, спорт нысандары, қоғамдық моншалар мен сауналардың жұмыс уақыты шектеледі. Сенбі, жексенбі күндері қоғамдық көліктер қатынамайды.

Ғизат Әбішев, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім жетекшісі:

– Қаулы қаңтардың 20-нан бастап күшіне енеді. Нысандар өзгертілген жұмыс кестесіне көшуге дайындалуы тиіс. Кешкі сағат 21-ге дейін жұмыс істеп келген қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы бір сағатқа қысқарады. Ал тамақты жеткізіп берумен айналысатын орындар кешкі 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Бұған дейін олардың қызметтерінде шектеулер болмаған. Жексенбі күні қызмет көрсету нысандары жұмыстарын тоқтатады. Демалыс күндерге локдаун енгізілмек. Бұған қоса ұйымдардың 80 проценті қашықтан жұмыс істеуге көшеді.