Ақтөбе облысында коронавирусқа шалдыққандардың саны артты

Бұған дейін күніне шамамен 8-10 адамнан қатерлі вирус анықталса, өткен тәулікте 21 адамның ауру жұқтырғаны белгілі болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дені – облыс орталығының тұрғындары. Мәртөк ауданында 3, Мұғалжарда 6 науқас анықталған. Қазір өңірдегі медициналық мекемелерде 37 адам ем қабылдап жатыр, 9 науқас жансақтау бөліміне жатқызылды. Мамандар тәуліктік өсімнің көбейгеніне алаңдаулы. Сондықтан жедел респираторлық-вирустық инфекцияның кез келген белгілерін байқасаңыз, дәрігерге хабарласу керек екенін еске салады.

Мұхтар Сербаев, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Көршілес Атырау облысы «қызыл аймақ» қатарында, Батыс Қазақстан облысы «сары аймаққа» енді. Біздің облыста да болжамдарымыз расталып, науқастар саны көбейіп отыр. Сондықтан тұрғындарға барынша санитарлық қауіпсіздікті сақтап, қоғамдық орындарға барғанда бетперде тағып жүру міндет екенін еске саламын.