COVID-19: елордадағы ауруханалар 80% толы

Елордадағы жұқпалы аурулар орталығындағы науқастарға арналған орын 80% толы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл коронавирустың қайта өршігенін көрсетеді. Індеттің ілмегіне ілінгендерге жәрдемдесу үшін дәрігерлер барын салып жатыр.

Бүгінде Қазақстан бойынша коронавирустан 24 875 адам емделіп жатыр. Оның 6  570-сі стационарда дәрігерлердің қарауында. Ал 18 305 науқас амбулаториялық жағдайда ем қабылдауда. 294 адамның халі ауыр, тағы 60 пациент өте ауыр жағдайда. 40 науқастың халі тіптен мүшкіл, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. 

Әсіресе, қант диабеті, өкпе, жүрек-қан тамырының ауруы мен обыр дертіне шалдыққандарға коронавирус ауыр тиеді. Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлап бара жатқанын, қалалық жұқпалы аурулар орталығының бөлім меңгерушісі Гүлжанат Шыршықбаева да растап отыр.

Гүлжанат Шыршықбаева, қалалық жұқпалы аурулар орталығының бөлім меңгерушісі:

– Қазір науқас көп. Күніне біздің бөлімде 40 төсек болатын болса, осы 40 төсек толық. Өткен жылы науқастар аз болатын. Қазір науқастардың саны көбейіп келе жатыр.

Жұқпалы аурулар орталығының бір ғана бөлімшесіндегі жағдай осы. 190 орынға шақталған мекемеде қазір ұзын саны 159 науқас жатыр. Көршілес пульмонология ғимаратындағы 200 төсектің 155-і толық. Өткен тәулікте ғана 125 адамнан вирус анықталған. Өсім 0,63 процентті құрап отыр.

Сарқыт Бейсенова, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жетекшісі:

– Соңғы аптадағы көрсеткіш алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,2 есеге өсті. Қаңтардың 16-нан бері Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл аймаққа» енді. Өткен аптада қала сары аймақта еді, бірақ коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші күрт өскендіктен, елорданы «қызыл аймаққа» енгізіп, карантиндік шараларды қатаңдатуды тапсырдым.

Әзірге дәрі-дәрмек, емдеуші ақ халаттылар мен ауруханалардағы орын жеткілікті. Ауыр халдегі науқастар саны ұлғайса, резервте тұрған медициналық мекемелер дайын. Бірақ эпидемологиялық ахуал ушығып кетсе, жаздағы сценарийдің қайталануы ғажап емес. Сондықтан дәрігерлер, тұрғындарды барынша санитарлық талаптарды сақтауға үндейді.

Бақыт Топтаева