СҚО-да мектептердегі асханалардың жұмысына рұқсат берілді

Бүгіннен бастап кезекші сынып оқушылары үшін ыстық тамақ әзірленеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сабақтар енді 40 минуттан өтеді. Дегенмен санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қатаң сақталуы тиіс. Тамақтану орнының толтырылуы 30 проценттен аспауы керек. Үстелдердің бір-бірінен арасы екі метрден кем болмауы тиіс. Оған тек екі оқушыдан отыруы шарт. Қызметкерлердің медициналық бетперде тағуы міндетті. Әрі олар әр 3 сағат сайын ауыстырылуы қажет. Бұл талаптардың орындалуына тікелей мектеп әкімшілігі жауапты болады. 

Нұрсұлу Түгембаева, асхананы жалға алушы:

– Өткен жылдың 15 наурызынан карантинде болдық. Жұмысымызға енді кірісіп жатырмыз. Ең бастысы санитарлық талаптарға баса мән беріп отырмыз. Яғни асхана ішін күніне үш рет желдетіп, залалсыздандырамыз. Әр сыныптан соң тазалау жұмыстарын жүргіземіз. Бұрын бір мезетте 100 оқушы отыратын еді. Қазір бұл көрсеткіш 30-дан аспайды.