Арқалық құс фабрикасы АШМ-ге қарасты үш құрылымды сотқа берді

Талап етуші жақ құс тұмауынан қырылған тауықтары үшін өтемақы толық берілген жоқ дейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіп иелері қосымша 200 миллион тенге сұрап отыр. Үш айдан бері тоқтап тұрған құс фабрикасына жақында тауық балапандарының алғашқы легі әкелінді.

Бірер күн бұрын жеткізілген 58 мың балапан қаңырап, бос қалған қораларға жан бітіргендей. Бұған әсіресе бригадир Саяділ Сарқытбай дән риза. Бүкіл құстары қырылып, кәсіпорын тоқырауға ұшырағанда Саяділ сияқты осында жұмыс істейтін 200-ден астам адамның абыржып қалғаны рас. Бірақ фабрика басшылығы амалын тауып, жұмыс орындарын сақтап қалған.

Саяділ Сарқытбай, құс фабрикасының бригадирі:

– Оқиға болған жағдайда біз де жұмыстан босатылған жоқпыз. Біз жұмыс істедік. Жабдықтарды жудық, тазаладық. Жұмысшылар қысқартылған жоқ. Уақытында айлығымызды берді.

Мағауия Қалиев, тілші:

– Мынау технологиялық желі бойында күніне 300 мың жұмыртқа сұрыпталып, қорапқа салынатын. Қымбат, шетелдік осы қондырғы 3 айдан бері тұралап, тоқтап тұр. Фабрика басшылығының айтуынша, өндірісті қалпына келтіру жұмыстары ойдағыдай жүзеге асса, бұл желі алдағы мамыр айында ғана іске қосылмақ.

Кәсіпорынды қайта жандандыру үшін 1 миллиард теңге қаржы қажет. Оның жартысын құрылтайшылар салса, қалған бөлігі жеңілдетілген несие ретінде берілмек. Осындай бірлескен іс-қимылдың алғашқы нәтижелері де жоқ емес.

Жәмила Исмаилова, Арқалық құс фабрикасының бас директоры:

– Қазір біздің қолымызда 58 мың балапан бар. Ал жалпы ақпанның 5-не дейін бізде 220 мың бас балапан болады.Осы жылдың мамыр айынан бастап жұмыртқа бере бастайды. Жылдың аяғына сол 500 мың басымызды қайтарып аламыз.

Естеріңізе салайық, күз айларында құс тұмауынан бұл кәсіпорынның 500 мыңнан астам тауығы қырылып қалған болатын. Мамандардың есебі бойынша індеттен келген шығын мөлшері 640 миллион тенгеден астам. Сол тиесілі өтемақының 70 проценті ғана төленген. Ветеринарлық комитет қалған бөлігін өтеуден бас тартыпты. Сондықтан фабрика құрылтайшылары сотқа жүгінуге мәжбүр болған. 

Индира Саденова, Арқалық құс фабрикасының заңгері:

– Біз тиесілі өтемақыны толық алған жоқпыз. Республикалық эпизоотияға қарсы отряд және ветеринарлық бақылау комитеті қалған ақшаны төлегісі келмейді. Сол себепті біз сотқа жүгіндік.

Жауапты тарап – Ауыл шаруашылығы министрлігінің үш құрылымдық бөлімшесі. Нақты айтсақ, Республикалық эпизоотияға қарсы отряд, ветеринарлық бақылау және қадағалау комиеті мен оның Қостанай облысындағы аумақтық инспекциясы. Келесі сот отырысы 21 қаңтарда болады. Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірге бұл турасында қандай да бір түсінік берген жоқ. Бірақ жақында жазбаша жауабын жіберуге уәде етті.

Мағауия Қалиев Сергей Трахтенберг

Сондай-ақ...