414,36 504.70 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкенттегі «Шым сити» қалашығынан шу шықты

  • 244
  • UPD: 22:57, 18.01.2021

Көпқабатты тұрғын үйлер жанынан мердігер компания ешқандай қауіпсіздік талаптарын сақтамай, құрылыс жұмыстарын бастап кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы бұл жағдайдан хабарсыз болып шықты. Құрылыс маңында балалар алаңқайы болғандықтан, тұрғындар ашық-шашық жатқан шұңқырға бөбектеріміз түсіп кете ме деп алаңдайды.

Өткен аптаның соңынан бері осындағы тұрғындардан маза қашқан. Себебі демалыс күндері жай жатқан осы жер бірден шұңқырға айналыпты. Ешкім мұнда құрылыс жұмыстары жүргізілетінін ескерткен жоқ. Ескертпек түгілі құрылыс нысанын қоршауға да алмай, жұмысын жалғастыра берді. Біз әлеуметтік желілерге жазып шулаған соң, мына ленталармен қоршаған сыңай танытты дейді тұрғындар.

Нұргүл Әзімбаева, қала тұрғыны:

– Істеп жатқандарының барлығы заңға қайшы. Техқұжаты да жоқ. Сонда ел шығып шырылдамаса, мына жер қоршаусыз, бала мертігіп өле беру керек пе?

Бүбәйша Жұман, қала тұрғыны:

– Мына жерге үй салуға болмайды. Әр жерінен қазық қағады, ол қазығың дүңкілдеген сайын, үйлер шытынайды да, құриды.

Тұрғындардың наразылығынан соң, мұнда құрылыс жұмыстары уақытша болса да тоқтады. Аяқ асты қоршаудың қадалары қойылғанымен, мұндағы халық бұл жерде көп қабатты үйдің салынғанына түбегейлі қарсы.

Осындағы үйлердің бірінде тұратын Ақжайық Мамарайымова көп балалы ана. Ең кіші қызы Сұлушаш аулаға ойнауға шықса міндетті түрде бірге жүреді. Себебі 3 жастағы бүлдіршіні мына қазан шұңқырға түсіп кете ме деп қорқады. Ал құрылыс нысаны мен балалардың ойын алаңқайының арасы таяқ тастам жер ғана.

Ақжайық Мамарайымова, қала тұрғыны:

– Қоршау жоқ. Қауіпсіздік ережелері сақталмаған. Балалар ойнап жүр. Оларға қызық қой. Шет жағалап келіп қалады. Біз айқайлап, құлайсың деп тұрамыз.

Құрылыс компаниясының мұндағы іс әрекетінен Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы бейхабар екен. Заң бойынша құрылыс жұмыстары басталмай тұрып тиісті басқармаға ескертілуі қажет дейді сала мамандары.

Жасұлан Мамырбеков, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы инспекциясының басшысы:

– Құрылыстың басталатыны туралы біздің басқарманың құрылыс монтаждары туралы реестрінде тіркелмеген. Қазіргі таңда бұл құрылыстың заңдылығын тексеру туралы басқарма басшылығының тікелей бақылауында. Құрылысты қай тұлғалар жүргізіп жатқаны туралы сұраныс хаттарды тиісті құқық қорғау оргондары мен мемлекеттік оргондарға сұраныс хат жібердік. Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тиісті тексеру жұмыстары жүргізіледі. Тексеру нәтижесәнде ҚР Сәулет қала құрылысы қызметі туралы заң талаптарын бұзып, құрылыс жұмысын жүргізген тұлғалар анықталған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қаралатын болады.

Дау болған бұл жер қазір қалалық құрылыс басқармасына тиесілі көрінеді. Құрылыс басқармасындағылар болса, бұл аумақтан бас тартуға өткен жылдың күзінде шешім қабылдадық дейді.

Шәміл Аманқұлов, қалалық құрылыс басқармасы тұрғын үй бөлімінің бас маманы:

– Негізі «Шымкент ситидегі» бірінші орамның жері құрылыс басқармасының меншігінде еді. Өткен жылы қараша айында Шымкент қалалық әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының меншігіне беру туралы Жер қатынастары басқармасына бас тарту хатын жазып бердік. Қазіргі таңда аталған жер телімі Шымкент қалалық әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының меншігінде.

Әзірге жер телімінің нақты иесі болмаса да, мердігер мекеме жұмысты бастап кеткен. Ал қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы алдағы уақытта құрылыс барысының қаншалықты заңды екенін хабарлайтынын жеткізді.

Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы