Жыл соңына дейін 6 млн-ға жуық қазақстандық коронавирусқа қарсы екпе салдырады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жаппай вакциналау 1 ақпанда басталады. Алдымен арнайы категориялардағы 2 млн адамды егу көзделіп отыр. Ел билігінің індетпен күреске қандай жоспары бар?
Коронавирус инфекциясының таралуы бойынша Қазақстан «сары» аймақта. Эпидахуал әлі де тұрақты емес. Яғни, арқаны кеңге салуға болмайды. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов осыны айтты. Өкінішке қарай, қарапайым халық мұны жете түсінер емес. Сақтық шаралары ұмыт қалып, салдарынан «қызыл» аймаққа енген өңірлер қатары артты.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Наурыздың соңында коронавирустың таралуы шарықтау шегіне жетуі мүмкін. Сақтық шараларын сақтауға тырыссақ, тәулігіне 3000 жағдайға дейін тіркеледі. Онда 24 000-ға жуық төсек орны қамтылады. Мұндай жағдайда қатаң карантиндік талаптар енгізілмейді. Ахуал ушықса, күнделікті науқастардың 6000-нан 9000-ға дейін жетуі ықтимал. Яғни 45 мың төсек орны қамтылады. Мұндайда жағдайды ушықтырмау үшін карантиндік талаптар қатаңдайды.
Шекаралар ашылып, вирустың таралу ауқымы кеңейгені жалған емес. Халықаралық әуежайлар мен темір жол бекеттерінде 34 өткізу-бақылау орны жұмыс істеп тұр. Күн сайын ПТР анықтамасы жоқ 150 жолаушы карантинге жатқызылады. Бұл да немқұрайлылықтың белгісі. Қазірдің өзінде бірқатар өңірде 19 санитарлық және блок-бекеттер орнатылған.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
- Бас санитарлық дәрігерлердің қаулысына сәйкес, еліміз бойынша 15 санитарлық, Алматы облысында 9, Қостанай облысында 4, Ақтөбе облысында 2 және 4 блок-бекет Атырау облысында қойылған. Карантиндік шараға 10 мыңнан астам полиция мен ұлттық ұлан әскері қызметкерлері жұмылдырылған. 290 карантиндік объектіні бақылауда.
Биыл 6 млн қазақстандық коронавирусқа қарсы екпе салдырады. Қазақстан мен Ресей арасында «Спутник В» вакцинасы бойынша келісім жасалды. Алғашқы 20 мың доза арнайы категориядағы адамдарға салынады. Министр Алексей Цой бұл вакциналауды ұлттық күнтізбеге енгізуді сұрап отыр.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:
- Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірге медицина ұйымдарының 1 ақпаннан бастап халықты жаппай вакцинациялауды бастауға дайын болуын қамтамасыз етсін. Егу пункттерінде вакцинаны сақтауға арналған қажетті жабдық болуы тиіс. Сонымен бірге медицина қызметкерлерін оқыту қажет. Бір апта мерзімде егу пункттерінің әзірлігін және вакцинамен тұрақты қамтамасыз ету мәселелерін шешуді тапсырамын.
Осылайша, елде індетпен күрес күшейеді. Қазір «сары» аймақтағы өңірлерге артылған жауапкершілік жүгі ауыр. Қажет болса, карантиндік шектеулер қатаңдатылуы мүмкін
Авторы: Мерей Мұратханқызы