Қостанайда құм карьерден Сібір жарасының тарау қаупі төнді

Осыдан төрт жыл бұрын Қостанай қаласының іргесіндегі Заречный ауылында Сібір жарасынан өлген мал көмілген орын табылған. Қауіпті қорым ең шеткі үйлерден небәрі 300 метрдей жерде.

Санитарлық талап бойынша сібір жарасы көмілген аумақтан радиусы бір шақырымға дейін жер қазуға болмайды. Соның салдарынан шеткі көшедегі үйлерге газ, су тартылмай отыр. Бір қызығы, инфрақұрылым жүргізуге тыйым салған құзырлы орындар былтыр жеке кәсіпорынға осы жерден құм өндіретін карьер ашуға рұқсат беріпті. Ал тұрғындар бұған наразы. 

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Заречный ауылындағы санитарлық аумаққа кіретін шеткі үйлер осы. Бұл жерде сібір жарасы көмілген орын 2016 жылы анықталған. Яғни мынау үйлер сол 2016 жылға дейін берілген жер учаскелеріне салынған. Қауіпті індет анықталған соң бұл жерді қазып, инфрақұрылымдар тартуға тыйым  салынды. Бірақ мына бағанның ар жағынан жеке кәсіпкерге құм карьерын ашуға рұқсат беріліпті.

Тұрғындар былтыр жазда шеткі үйлерден небәрі 120 метрдей жерден құм өндірмекші болған кәсіпорын өкілдеріне осылай қарсылығын білдірген. Көпшіліктің шақыруымен жергілікті билік те келіп, карьердің жұмысын бастауды кейінге шегерді.  

Қайсар Нұрпейісов, Заречный ауылының тұрғыны:

- Будкасын қойды олар жазда. Сосын күзде қайтып алып кетті. Жаз шықса қайта қазады, рұқсат алыпты деп естіп жатырмыз. Біз оған қарсымыз.  

Ауылдың іргесінен құм өндіретін карьер ашу ешқандай қауіпсіздік талаптарына сай емес, дейді тұрғындар. Бұған қоса жер телімінің сібір жарасымен қырылған мал көмілген қауіпті аумақтан берілуі тіпті ақылға сыймайды.

Нұрғиса Исмағанбетов, Заречный ауылдық округінің әкімі:

- Ол аудандық комиссия мүшелері, жер қатынастары бөлімі, сонымен қатар облыстық әкімдіктің қаулысы арқылы беріледі. Ауыл әкімінің бұған құзыреті жоқ. 

Бұл іспен Қостанай ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Рустам Садықов жақсы таныс. Карьерді ашуда бірқатар заң бұзушылықтар болғанын айтады. Кәсіпкерлер тұрғындармен ақылдаспай, рұқсат құжаттарынсыз қазба жұмыстарын жүргізген. Былтыр жұрт наразылық білдірген соң карьерді ашуды кейінге шегерген шенеуік «бизнеске кедергі келтірді» деген айыппен қылмыстық жауапқа тартылыпты. 

Рустам Садықов, Қостанай ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары:

- Сонда менің қылмысым қандай? Тұрғындардың құқын қорғау қылмысқа жата ма? Мемлекет басшысы билік халықтың үніне құлақ асуы керек деді. Мен соған сәйкес әрекет еттім. Алайда қазір менің жанайқайыма құлақ асатын ешкім жоқ. 

Жер учаскесі экологиялық длейсіз бе барлық сараптамадан өткен, дейді салалық ведомствадағылар. Демек, жерді кәсіпорынға бермеуге негіз жоқ.

Қанат Өмірбаев, табиғи ресурстар және табиғат  пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

- Жер қойнауын пайдалану қорын басқару бағдарламасы бойынша қазба өнімі өндірілетін телімдердің индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі бекіткен тізімі болады. Бұл телім осы тізімде бар. Яғни ол барлық талапқа сай дегенді білдіреді.  

Қорымдардан, зираттар мен мал көмілген орындардан жүз метр қашықтықта жер қойнауын пайдалануға тыйым салынған деген жазбаша жауап алдық индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінен. Бірақ кодекске енгізілген түзетулер бұл тыйымның 2023 жылға дейін тоқтатыла тұратынын хабарлайды. Өз кезегінде мемлекеттік экологиялық сараптама біздің қатысусыз жасалды деп отыр тұрғындар. 

Авторлар: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров