Ақтөбеде алаяқтар көбейіп кеткен

Ақтөбеде түрлі айла-амалдар арқылы жұртты алдап, ақшасын иемденетін алаяқтар көбейіп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек жыл басынан бері жиырма күнде 24 жағдай тіркелген. Барлығы дерлік интернет, әлеуметтік желі арқылы өзгенің қаржысын жымқырған деректер. Мұндай қылмыс түріне қарсы күресті күшейткен полиция қызметкерлері тұрғындарға теріс пиғылды адамдардың әрекетінен мейлінше сақ болуды ескертіп отыр.

19 жастағы Әнуар – көлік жүргізуші куәлігін алып берем деп уәде еткен адамнан алданып, зардап шеккен ақтөбеліктердің бірі. Өзі арнайы курсты екі жыл бұрын тәмамдағанымен, электронды түрде тапсыратын емтиханнан өтпеген. Ал инстаграмм желісінде көмектесе алатын адамның жарнамасы пайда болғанда шынымен қуаныпты. Алайда оның қызметіне жүгінгенде шығынға батқан.

Әнуар Сәтжан, қала тұрғыны:

– Бірінші 60 мың сұрады. 30 мың аударасың, сосын алған соң 30 мың аударасың деді. Үш күннен кейін маған өздері жазды: «сенің үстіңе тағы да категория қосылды» деді. Ақшаны өсіре берді. Сонымен 110 мың кетті. Кейін құжаттарымды сұрағанда жауап қайтарған жоқ. Сөндіріп тастады.

Алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен Марина Иванова да полициядан көмек күтіп отыр. Өзінің айтуынша, бейтаныс біреу қоңырау шалғаннан кейін дербес шотынан 200 мың теңге жоғалған. Ұялы телефонына хабарласқан адам танымал жарнама сайтына жариялаған қысқы тоны туралы сұрап, кейін сатып алатынын айтқан. Ал тауар ақысын төлеу үшін жеке төл құжаты мен банктік карта нөмерін беруді өтініпті. Нәтижесінде, жеке шотындағы қаржысынан айырылып қалған.

Марина Иванова, қала тұрғыны:

– Маған хабарласқанда ойымда ештеңе болған жоқ. Себебі тонның сапалы екенін айтып, қарындасына сыйға тарту үшін сатып алғысы келетінін жеткізді. Сөзі өте сенімді естілді. Сондықтан сұраған карта нөмерін де, төлқұжат мәліметін де бердім. Бірақ сәлден соң дербес шотымдағы 200 мың теңге жоғалып кетті. Қайта хабарласқанымда телефонын сөндіріп тастады.

Ақтөбеде алаяқтардың көбейіп кеткенін полиция қызметкерлері де мойындап отыр. Былтыр олардың заңсыз әрекетінен 600-ден астам дерек тіркелсе, ал биылғы жылдың алғашқы айы бітпей жатып 24 жағдай орын алған. Сәйкесінше, алдау арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру әрекеттерінен зардап шеккендер де бар. Көбісі әлеуметтік желіде тауар жарнамалау мен букмекерлік кеңсе және құмар ойындардан табыс тауып беремін деушілерден сан соғып қалған.

Аслан Смайлов, облыстық полиция департаментінің жедел уәкілі:

– Алаяқтар бәрін жылдам жасайды және адам асығыс кезде сұрағанын айтып беретіндіктен, жәбірленушіден барынша толық ақпарат алуға тырысады. Алаяққа сіздің телефон нөмеріңіз және ақша жинақтары мен кіру коды бар банктің атауы қажет. Құрметті азаматтар сақ болыңыздар! Әлеуметтік желілерде ақша аударымдары арқылы тым арзан тауарларды сатып алуды ұсынатын айла-амалдарына бой алдырмаңыз!

Қазір полиция алаяқтық әрекеттерге қарсы іс-шараны күшейтіп жатыр. Сондай-ақ өзгенің мүлкін жымқыру ісімен айналысқандарға ірі көлемде айыппұл немесе бас бостандығынан айыру жазасы барын ескертеді. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев