Алматыда 50 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев алматылықтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін салынып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысымен танысты.

«Бостандық ауданында 110 кВ-тық «Алмагүл» қосалқы станциясы салынуда. Ол қаланың оңтүстік бөлігінде салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешендеріне қажет қосымша 100 МВт электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл шамамен 200 мың тұтынушы. Бұдан өзге Хан Тәңірде бой көтеріп жатқан 110 кВ-тық тағы бір қосалқы станция ескірген желілерді ауыстыруға мүмкіндік беріп қана қоймай, электр энергиясына 64 МВт өсім береді. Алатау, Нұрлытау, Ерменсай, Жайлау ықшамаудандарын энергиямен қамтамасыз ету жағы жақсарады. Бұл қосылған аумақтардың шамамен 250 мың тұтынушысын қамтиды», - деп жазды әкім instagram парақшасында.

Сондай-ақ Наурызбай ауданының 50 мыңға жуық тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Қарғалы» су тарту және сүзгі станцияларының құрылысы жүріп жатыр.

«Биыл бұл станцияны төрт ықшамауданмен байланыстыратын магистральдық желілердің құрылысы басталады», - деп атап өтті.