WhatsApp-тың жаңа ережелері туралы фейк таратылуда

Қазақстандықтар WhatsApp-тың жаңа ережелері туралы фейк таратуда.

Хабарламаға сәйкес, бұдан былай барлық жеке хат алмасу мен жеке деректер үшінші тұлғаларға қолжетімді болуы мүмкін және қоңыраулар жазылады екен. Бұл ақпарат – жалған, деп хабарлады StopFake.kz.

2020 жылғы желтоқсанда WhatsApp деректерді өңдеудегі өзгерістер туралы мәлімдеме жасады. Бірақ онда пайдаланушылардың жеке ақпаратын үшінші тұлғаларға беру қарастырылмаған. Дегенмен, пайдаланушылар жаңа ережелерге байланысты алаңдаушылық танытты. Өйткені, келіспегендер мессенджерде бұғатталатын болды.  Бұл наразылық тудырып, адамдар қосымшаны пайдаланудан жаппай бас тартты. Мұндай реакцияның нәтижесінде WhatsApp иесі Facebook әкімшілігі жаңашылдықты енгізуді кейінге қалдырды.

«Біз WhatsApp-тағы құпиялылық пен қауіпсіз қатынас қағидалары туралы шындыққа жанаспайтын қауесеттерді жою үшін белсенді жұмыс істейміз. Содан кейін компаниялар үшін жаңа мүмкіндіктер пайда бола бастаған кезде пайдаланушыларымызға біртіндеп 15 мамырға дейін жаңа саясатпен танысуды ұсынамыз», – делінген хабарламада.

Қорыта айтқанда, үшінші тараптың WhatsApp қолданушыларының жеке хат-хабарларына заңды түрде қолжеткізе алатындығы туралы хабарламалар жалған.