Депутат зейнетақы туралы заңның орындалуын сынға алды

«Зейнетақы қорындағы қаржыны алу ережесі қаңтардың соңына дейін бекітілуі тиіс».

Бүгін Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов осылай деп, заңның орындалуын сынға алды.

Палата өкілі Премьер-министр мен Ұлттық банктің басшысына депутаттық сауал жолдады. Онда жауапты органдар әлі күнге дейін жауапкершілікті бір-біріне сілтейтіні айтылған. Ал заңның жүзеге асуын 700 мыңнан астам адам сарыла күтіп отыр. Сондай-ақ депутат «зейнетақы қорына алынған үйді бес жыл ішінде сатуға болмайды» деген шартқа жұрт келіспейтінін алға тартты. Себебі бес жылда адам өзге өңірге қоныс аударуы немесе басқа баспана алуы мүмкін. Осылайша, Аманжан Жамалов Үкіметті, азаматтардың заңды құқығын бұзбауға шақырды.

Айта кетейік, зейнетақы қорындағы шекті сомадан асқан қаржыны алуға қатысты заңға Президент 2 қаңтарда қол қойған болатын. Десе де, Үкімет нақты ережелерді әлі бекіткен жоқ.