Үкімет басшысы СҚО-дағы жаңадан салынып жатқан зауыт құрылысымен танысты

Асқар Мамин Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет басшысы алдымен жаңадан салынып жатқан зауыт құрылысымен танысты. Инвесторлар бұл жобаға 10 млрд теңге бөлген екен. «Салынып бітсе, 300 адамды жұмысқа аламыз» дейді. Бір жылда 13 мың трансформатор шығаруды көздеп отыр. Премьер-министр ламинатталған фанера шығаратын өндіріс орнына да барды. Қазір мұнда 150 адам еңбек етеді. Жылына 27 мың текше метр өнім шығаруға қауқарлы. Өңірдегі ауыр машина жасайтын зауыт та қарқынын үдеткен. Ондағы мамандар тез бұзылатын азық-түлік өнімдерін тасымалдауға арналған вагондарды құрастыра бастапты.

Ақан Кәрімов, компания директорының бірінші орынбасары:

- Үлкен кешенге айналады. Бір жылда 1400 вагонға дейін құрастыратын боламыз. Ол үшін 13 млрд теңге жұмсау көзделген. Жоспар жүзеге асса, 500 адамды жұмысқа аламыз.

Қызылжар өңірінде ауыл шаруашылығына жіті көңіл бөлінген. Асқар Мамин аймақты сүт өнімдерімен қамтып отырған фермаға барды. Кейін қаланың шығысында салынып жатқан көпсалалы аурухана құрылысымен танысты. 510 орынға арналған емдеу мекемесінің құрылысы келер жылы бітеді деген жоспар бар.

Асхат Молжігітов, облыстық көпсалалы аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

- Ауруханада онкологиялық және кардиологиялық орталықтар болады. Сосын перзентхана ашамыз. Соңғы үлгідегі медициналық жабдықтар жеткізіледі. Соның көмегімен күрделі операциялар жасауға мүмкіндік аламыз.