Ақтөбедегі қоймада вирусқа қарсы негізгі препараттың сегіз түрі жоқ

Ақтөбедегі дәрі-дәрмек қоймасында коронавирусқа қарсы қолданылатын негізгі препараттың сегіз түрі жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұны жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті мен арнайы мониторингтік топ және денсаулық сақтау басқармасының өкілдері анықтады. Олар бүгін «Самұрық-Қазына Фармация» серіктестігінің жергілікті хабында бақылау жүргізіп, қауіпті індетке қарсы қолданылатын 44 дәрі-дәрмектің бар-жоғын тексерді. Алайда 8 түрі табылмады. Мамандардың айтуынша, қоймада сақталатын екі айлық қордың құрамында емге қажетті препараттардың барлығы болуға тиіс. Анықталған олқылыққа байланысты енді облыстық әкімдік пен өзге де құзырлы органдарға ұсыныс хат жолданады. «СҚ Фармация» өкілдері «қоймада жоқ дәрі-дәрмектер елдің батысындағы емдеу мекемелеріне жөнелтілген», дейді.

Жанболат Тұртаев, «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

- 20 желтоқсанда 12 атау болған жоқ. Бірақ «2020 жылдың 25 желтоқсанына дейін бүкіл осы 12 атаудың бәрі келеді. Қоймада тұрады» деді. Бірақбіз 20 қаңтарда, бір ай өткеннен кейін барып тұрмыз. Әлі күнге дейін 8 атаудың әлі келмегені анықталды. Бірақ кейбір ауруханалардың бәрінде ол дәрілер бар деді. Енді ертеңнен бастап бүкіл ауруханалар, емханалардың барлығын қарап, бар-жоқтығын, жеткілікті-жеткіліксіз екенін, екі айлық қордың бар екеніне де мониторинг жұмыстарын жүргізетін боламыз

Нұрлан Жұбанышев, «СК-Фармация» ЖШС өкілдігінің жетекшісі:

- Қоймадағы қор бірнеше өңірге арналған. Ал, оның ішінде «сары» және «қызыл» аймаққа енгендері де бар. Сондықтан дәрі-дәрмек таратылып тұрады. Енді айдың соңына дейін орны қайта толықтырылады. Бұдан өзге, емдеу хаттамасынан шығарылған препараттар да бар. Оларды сақтаудың қажеті жоқ және керек деп танылған кейбір дәрілерді жеткізушілер болмағандықтан ұқсас түрі қолданылады.