Жаңа заң экологиялық ахуалды жақсартуға қауқарлы ма?

Енді экологияға залал келтірген ірі кәсіпорындар айыппұл төлесе, бұл ақша қоршаған ортаны қалпына келтіруге жұмсалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аталған норма жаңа Экологиялық кодекске енгізілген. Бұрын айыппұлдан түскен қаржы жергілікті биліктің шешімі бойынша басқа салаға кетіп, экология назардан тыс қалатын.

Бұл Теміртау қаласы сынды экологиялық мәселесі ушығып тұрған қалалар үшін қаншалықты тиімді?

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Қарағанды облысының бюджетіне өткен жылы қоршаған ортаға эмиссия ретінде, яғни, зиянды қалдықтар үшін 17 млрд теңгеге жуық қаржы түскен. Алайда оның нақты қанша көлемі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталғаны белгісіз. Белгілісі, жаңа қабылданған заң шеңберінде 2022 жылдан бастап жергілікті атқарушы орган барлық соманы толығымен табиғатты қорғауға және оңалтуға жұмсауы тиіс.

Мағзұм Мырзағалиев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Ірі кәсіпорындарды экологияландыру үшін олар 10 жыл ішінде ең озық қолжетімді технологияларды енгізеді. Бұл уақытта оларды эмиссия үшін ақша төлеуден босатамыз. Егер кәсіпорындар заманауи технологияларға көшпесе, эмиссия төлемдері 2025 жылдан бастап 2 есеге, 2028 жылдан бастап 4 есеге, 2031 жылдан 8 есеге өседі. Сондықтан бұл жерде кәсіпорынның өзі қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды аз шығаратын заманауи құралдарды қоюға мүдделі болады.

Теміртау қаласының экологиясына орасан зор кері әсерін тигізіп тұрған металлургиялық комбинат бар. Келісім бойынша ол алдағы уақытта ауаға шығарылатын зиянды қалдықтар көлемін кемі 30%-ке қысқаратынын айтқан. Алайда іс жүзінде бұған қол жеткізу мүмкін болмай отырған көрінеді.

Биджу Наир, металлургиялық комбинат басшысы:

- Жоспар бойынша егер қазандықтар көгілдір отынға көшсе, зиянды қалдық көлемі азаюы тиіс еді. Алайда газдың бізге қажетті көлемі жеткізілмей отыр. Сондықтан баламалы отын көзін қарап жатырмыз. Біз жауапкершіліктен қашып отырғанымыз жоқ. Бұл межеге алдағы 3 айда қол жеткіземіз.

Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы болса, елде экологияға орасан зор кері әсерін тигізетін 50 кәсіпорын барын айтады. Олардың 18-і аудиттен өткен. Ақпан айында Қарағанды облысындағы бірқатар ірі кәсіпорын жаппай тексеруден өтетін болады. Онда алпауыт өндіріс ошақтарының заманауи технологияларға көшу дайындығы бақыланады.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев

Сондай-ақ...