ШҚО-дағы өзен-көлдердің деңгейі әуеден бақыланады

Қазір шығыстағы өзен-көлдердің деңгейі қалыпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ай басында қатты аяздан кей өзендердің сағасына мұз қатып, су жайылып, елді мекендерге қауіп төндірген еді. Дегенмен, соңғы бір аптада күн райы сәл жылып, өзендер арнасына түсті. Бірақ су тасқынына қатысты нақты жағдайға көз жеткізу үшін аймақтағы төтенше жағдайлар қызметінің мамандары әуеден шолу жасауды бастады. Қазір өңірдегі таулы аудандардағы қардың қалыңдығы бір жарым метр болады. Жердің тоңы да 1 метрге жетіп қалған. Сондықтан көктемге қарай күн күрт жылынса, су тасқыны болуы мүмкін. Облыста 108 ауылды су басуы мүмкін деген болжам бар. Тасқынды болдырмаудың жол картасы жасалып, құзырлы органға нақты міндеттер жүктелді. Бұл бағыттағы жұмыстарды атқаруға облыс қазынасынан 559 миллион теңге бөлінді.

Алексей Штыкель, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- Біз Өскемен гидроэлектр сатанциясы мен Шүлбі су қоймасына дейінгі аралықтағы жағдайды әуеден көріп шықтық. Бұл гидро нысандардағы су деңгейі қазір қалыпты. Ертіс өзенін де көрдік. Судың деңгейі әзірше төмен. Еш қауіп жоқ.