Фирдоуси ауылының тұрғындары үйге газ кіргізуден бас тартып отыр

Түркістан облысындағы Фирдоуси ауылының тұрғындары үйге газ кіргізуден бас тартып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұрт көгілдір отынды қосуға қажетті 300 мың теңгені қалталары көтермейтінін айтады. Екі жарым мың тұрғыны, төрт жүзге жуық түтіні бар елді мекенде жұрттың көбі әлі күнге дейін көмір жағып, күл шығарады.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Өткен жыл Мақтаарал ауданының халқы үшін сынақ болды. Көктемде мыңға жуық үй су астында қалды. Апаттан ең көп зақым келген Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдары түгелдей көшірілді. Мырзакент ауылы маңынан 50 гектар жер бөлініп, жаңадан 380 үй салынды. Ал қалған баспанасы бүлінген бес ауылдың тұрғындарына өздері үй салып алу үшін мемлекет 17 млн теңгеден ақша берді. Олардың арасында Фирдоуси ауылы да бар. Тұрғындар қажетті қаржыға жаңадан баспана салып алғанымен, газға қосылуға асығар емес. «Себебі бағасы қымбат» дейді.

Сайдакбар Мирзаев, Фирдоуси ауылының тұрғыны:

- Бағасы келісімшарт бойынша 300 мың теңге. «Артық құбыр тарттым, есептегіш тарттым» деп 75-80 мың теңге артық алып жатыр. Бағасы қымбат. Қазір менің екі үйім бар. Оған 380 мың теңгеден 760 мың теңге керек. 150 мың теңгеден болса келісеміз. Бір жылға бөліп төлеуге рұқсат берсе кіргіземіз.

Ал бес баланың анасы Мукарамахан Мирамонова көгілдір отынға қол жеткізе алмағандықтан әлі күнге от жағып, күл шығарып отырғанын айтады. Жолдасы өткен жылы өмірден озған. Жалғызбасты ана «балаларым үшін ақшасына болса да кіргізуге дайынмын» деп отыр.

Мукарамахан Мирамонова, Фирдоуси ауылының тұрғыны:

- Мен 10 күн бұрын газ қосуға өтініш бердім. Әлі күнге дейін өтінішім орындалмады. Үй суық, балаларым жауап отыр. Хабарлассам, жауаптылар әне-міне деп созбалаңға салуда. Мен жалғызбасты анамын ғой, ең болмаса маған қосып беруіне болады ғой. Кыстың көзі қырауда от жағып отырмыз.

Аудандық әкімдік қызметкерлері ауыл тұрғындарының уәжімен мүлде келіспейді. Олардың айтуынша, бастапқыда Фирдоуси ауылының тұрғындары мемлекеттік бағдарламамен газға қосылу біршама уақытты алатындықтан, бағасының қымбаттығына қарамай жекеменшік компаниямен өздері келісімге отырған.

Ғабит Полатов, аудандық ТКШ бөлімінің басшысы:

- 2014 жылы Мырзакент кенті «ҚазТрансГаз Аймақтың» инвест жобасы бойынша әр үйге 250 мың теңгеден газ жүргізетін болған. Сол кезде бұл кісілер «біз Мырзакентке жақын орналасқан елді мекенбіз. Біз де сол Мырзакент сияқты ақша төлеуге дайынбыз» деген. Өздері ұсыныс берген, хаттама толтырған. Біз оны облыстық «ҚазТрансГазға» жолдағанбыз. Олар келіп, газ жүргізіп берді. Тұрғындар өздері келісім берген.

Ғабит Полатовтың айтуынша, жақын арада жекеменшік фирма өздерінің келісімі бойынша жалғызбасты ана Мукарамахан Мирамонованың үйіне газ құбырын тартып береді. Қазір құжаттары дайындалып жатыр. Бүгінгі күні Фирдоуси ауылында 60 шақты түтін көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Тағы 100-ден аса отбасы өтініш берген. Ал қалған тұрғындар келісілген қаржыны төлемейінше сұйық отынға қосыла алмайды. Жалпы Мақтаарал ауданы тұрғындарының 60%-і табиғи газбен қамтылған. Келер жылы 7 елді мекен көгілдір отынға қосылады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы