Шымкенттегі ірі жолайрық құрылысының екінші кезеңі басталды

Шымкентте кептелісті шешетін ірі жобаның бірі – жолайрық құрылысының екінші кезеңі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты көлік қозғалысы уақытша шектеліп, бағыттар өзгерді.

Жолдың жабылғаны жүргізушілерді ғана емес, сол маңдағы сауда орындарына да кері әсерін тигізген көрінеді. Дегенмен, қала әкімдігі сол аймақта орналасқан кәсіпкерлік нысан басшыларына жыл басында арнайы ескерту жасап, хабарлама таратқанын айтады.

Нұрбек Байбосын, тілші:

- Мамандар бұл жолайрықты осыдан 4 жыл бұрын салуды ойластырған екен. Қаладағы көлік қозғалысын реттейтін жоба өткен жылдың күзінде басталған еді. Жуырда құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталып, бүгін екінші кезеңге аяқ басып отыр. Осыған байланысты шаһардағы Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысы уақытша жабылды. Көлік ағыны осы маңдағы М.Дулати, Қазыбек би, Байырқұм, А.Байтұрсынов көшелеріне бағытталып ұйымдастырылды.

Осы жолдың бойында орналасқан көтерме сауда базарының саудагерлері бүгін тұтынушысыз қалды. Себебі көлікпен келушілер үшін жол жабық. Қала әкімдігі базардағы кәсіпкерлерге бірнеше сауда орталығынан уақытша 6 ай мерзімге тегін орын берген. Алайда сатушылар мұндай ұсыныстан бас тартып отыр.

Қаланың орталығы саналатын бұл жерде шын мәнінде базар болмауы тиіс. «Көтерме сауда орны заңсыз орналасқан», - дейді әкімдіктегілер. Шаһардың бас жоспарына сәйкес мұнда аллея және көп қабатты үйлер салынуы тиіс. Әкімдік бұған дейін де базардың басқа жерге көшірілу керектігін айтқан болатын.

Мақсұт Исахов, қала әкімінің орынбасары:

- Бас жоспар бойынша негізі бұл жер базар емес. Біз дәл қазір базарды жауып жатқан жоқпыз. Біз жолды жауып жатырмыз. Жол жабылғаннан кейін сатушыларға да, сатып алушыларға да келуге мұнда уақытша жол жабылады. Базардың өздерінің иелері, мынау «Бозарық» шағын ауданында жаңа базар салып жатыр. Ол базардың дайындығы 80% бітіп қалған болатын. Ол жерде де жұмыс жасауға мүмкіндік бар.

Қазір шаһардағы кептеліс қала өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Мегаполис жолдарымен шамамен 500 мың автомобиль қатынайды. Тіпті бір отбасында 2-3 көліктен бар. «Сондықтан да кептелісті болдырмау үшін жолайрықтар қажет», - дейді көлік жүргізушілері.

Блиц 1:

- Жолайрық қажет. Мен солай деп есептеймін. Мұның бетіне қарап отыра берсек, жолдың барлығы осылай бола берсе, жұрттың барлығы қалай жүреді? Структура бойынша бұл өте керек нәрсе.

Блиц 1:

- Халықта қазір көлік көп, қозғалыс көп. Қай жерге барсақ та кептелістен кептеліс. Жұмысқа бара жатқандар кешігіп жатады. Енді бұл жобаны міндетті түрде істеу керек қой.

«Шымкентте тек бір жолайрықтың құрылысы барлық мәселені шеше алмайды», - дейді мамандар.  Сондықтан қаладағы Бәйдібек би мен Д.Қонаев көшелерінің бойынан төрт жолайрықтың құрылысы жоспарланып отыр. Бұл ірі жобалар жүзеге асқан тұста үлкен магистральды даңғыл салынбақ. Ол шаһардың оңтүстік бөлігін солтүстігімен тікелей жалғайды. Ал қазіргі жолайрық құрылысы қараша айында аяқталып, пайдалануға берілмек. Оған дейін қала тұрғындары уақытша қолайсыздықтар үшін шыдамдылық танытуы қажет.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов