Алматылықтар үйдегі шыршаларын зообаққа апарып жатыр

Алматы хайуанаттар бағындағы аңдар жаңа жылды шыршамен қарсы алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мереке өтісімен қалалықтар үйдегі шыршаларын қоқысқа тастамай, зообаққа апарып жатыр. Тамыры кесілген жас көшеттер егуге жарамаса да аңдарға ермек. Қылқан жапырақты ағаштар тұяқты, жыртқыш аңдар мен приматтардың вольерлеріне қойылды. Бірақ қорек ретінде қолданылмайды. Өткен жылы осындай 120 тал әкелінсе, биыл 40 шырша жеткізілген.

Ақжами Рахимова, «Алматы хайуанаттар бағы» қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі:

- Біз бұндай іс-шаралар жүретін басқа шетелдік зообақтардан көріп, өзіміз де талқылап, «қалай болады екен, қауіпті болып қалмай ма біздің жануарларға» деп өзімізге де енгіздік. 2017 жылдан бастап осы науқанды өткізіп жатырмыз. Жылына бізге 30-40 шырша алып келеді.