425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Елімізде бірқазандар жойылып барады

  • 722
  • UPD: 10:25, 21.01.2021

Елімізде Қызыл кітапқа енген бірқазандар жоғалудың аз-ақ алдында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ескекаяқты құстар тобына жататын бірқазанды сақтаудың амалдарын ертерек қарастырмасақ, мүлде жоғалтып алуымыз мүмкін дейді мамандар. Сондықтан Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы мен Құстарды қорғау одағы 2021-ші жылды Бірқазан жылы деп жариялады.

Табиғат жанашырлары 2005-ші жылдан бастап қызылкітапқа енген аң-құстардың жылын жариялап келеді. Биылғы жылдың бірқазан жылы атануыда бекер емес. Өйткені ескекаяқтылардың осы бір түрі елімізде жоғалып барады. Оған әртүрлі себеп бар көрінеді. Қазақстанда бұл құстарды аулауға тыйым салынғанымен, бірқазандар үшін ең басты қауіп-қатер табиғаттан келеді екен. «Сулардың тартылуы, сол секілді өзен көлдердің химиялық заттармен ластануы және қамыс өрттері, осының бәрі бірқазандардың көбейуіне мүмкіндік бермей отыр», - дейді мамандар.

Сергей Скляренко, Қазақстан Биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы директорының орынбасары:

– Бізде текқана бірқазандар емес, жалпы батпақты құстарды қорғайтын, оларды зерттейтін мемлекеттік бағдарлама жоқ. Қызыл кітапқа енген аң-құстарды сақтап қалу үшін ұзақ мерзімді жоспар болу керек. Бір кездері ZHASYL DAMU бағдарламасы болған. Бірақ 2014-ші жылы аяқталды. Екі жыл бұрын елімізде Экология, геология  және табиғи ресурстарды қорғау министрлігі құрылғанымен, әлі ешқандай нақты бағдарламалар қабылданған жоқ.  

Бірқазандардың елімізде екі түрі бар екен: бұйра бірқазандар мен қызғылт бірқазан. Алматы зообағында бұйра бірқазандардың 7 басы бар десек, қызғылттан тек біреу ғана. Олардың негізгі қорегі – балық. Күніне 1 келіден аса балық жейді екен. Зообақтағы бірқазандардың көбі жылы жаққа ұша алмай қалғандар.

Айжан Сыбанбекова, Алматы зообағы экзотикалық құстар бөлімінің меңгерушісі:

– Қызғылт пеликанды жақында Жамбыл облысы жақтан құтқарып қалдық. Ал қалған пеликандар бұйра  пеликандардың төртеуі Қарағандыдан келген. Ал қалған үшеуі былтырғы жылдарда құтқарып қалған құстар.

Бірқазандар ерте көктемде келіп, қарашаның қара суығына дейін болады. Еліміздегі Биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы мен Құстарды қорғау одағы бірлесе отырып енді Бірқазан жылында ескекаяқтыларды сақтап қалу үшін олар мекендейтін өзен-көлдерді бақылауға алып, барынша жұмыс істейміз деп отыр.

Авторлар: Жандос Айтбайұлы, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы