Павлодардағы жоғары оқу орындары дәстүрлі форматта білім беруге дайындалуда

Павлодар облысының жоғары оқу орындары студенттерді қабылдауға қызу дайындық үстінде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мыңдаған жас бірнеше күннен кейін дәстүрлі форматта білім алуға кіріседі. Басты мақсат – санитарлық талаптарды сақтап, коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу. Бірінші кезекте университет жатақханаларының дайындығы пысықталды.

Сақтық шаралары бірінші кезекте жатақханаларда күшейтілген. Алдымен кіреберісте тұрған мамандар залалсыздандыру жұмыстарын жүргізеді.

Университет жатақханасы 500 орынға шақталған. Қазіргі уақытта студенттердің бір легі келіп, бөлмелеріне жайғасып жатыр. Алғашқылардың қатарында Дина Батырбек бар. Ол Моңғолиядағы қандастарымызға арналған гранттық бағдарлама бойынша білім алады.

Дина Батырбек, студент:

– Қашықтан оқыған мен барып оқу екеуі екі бөлек нәрсе ғой. Аудиторияға барып оқығанды сағынып, жатақханаға келдік. Біз жаңадан келіп жатқандықтан, барлығы жақсы болады деп ойлаймын. Мұғалімдермен кездесеміз. Өзіміздің топтастарымызбен кездесеміз, негізі барлығы жақсы болады деп ойлаймын.

Ережеге сәйкес студенттер үйінің жүктемесін екі есе азайту керек. Яғни, оқу жылының соңғы семестрінде жатақханаға тек 250 студент орналасады.

Айбек Ақаев, Жастар саясаты және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменттің директоры:

– Әрбір бөлмені 50%-тен артық жүктемеуіміз керек. Сондықтан, егер бөлме екі орындық болса, сол бөлмеге бір-ақ адамды орналастыра аламыз. Ең алдымен біз бірінші курстың студенттерін қабылдаймыз.

Пандемия кезінде оқу үрдісін жалғастыру мақсатында оқу орнына кіреберістерінде осындай дәліздер орнатылды. Мақсат – адамдардың жиналуына жол бермеу. Арнайы дәлізден өткен соң университетке кірген әр адамның дене температурасы автоматты тепловизордың көмегімен өлшенеді.

Петр Быков, С.Торайғыров университеті басқарма төрағасының академиялық мәселелер жөніндегі орынбасарының м.а.:

– Қызметкерлеріміз оқу материалдарын әзірлеуде. Яғни, бейнесабақтар мен өзге де электронды құжаттар дайын. Студенттер университет аумағында жиналмау үшін ғимаратта бірнеше кіреберіс ұймыдастырылды. Бақылау пунктінің жұмысы автоматтандырылды. Сонымен қатар студенттер екі ауысым  бойынша оқиды. Каникул кезінде оқытушылық-профессорлық құрам арнайы нұсқамадан өтті.

Оқу орнының әр қабатында антисептиктер мен бетпердені тастауға арналған жәшіктер орнатылған. Бірінші курс студенттері аралас білім алуға көшеді. Дәрістер аудиторияларда өтсе, тәжірибелік және зертханалық сабақтар қашықтан жүргізілмек. Оқу ордасының білім беру платформасы да сақадай сай.

Дария Әбікенова, Торайғыров университеті ІТ хабының директоры:

Платформаға оқу материалдары, бейнедәрістер жүктеледі. Студенттер мен оқытушылар форум түрінде кездесіп, сабақ өткізеді. Мамандар онлайн-кездесулер ұйымдастырады. Мамыр айында біздің платформа шабуылдарға ұшырады. Сол сәтте шұғыл түрде шешім қабылдап, бағдарламаларды жетілдірдік. Сонымен қатар файлдарды сақтау орнының көлемін екі есеге ұлғайттық.

Павлодар облысындағы ең ірі оқу орнында сегіз мыңға жуық жас оқиды. Олардың үшы мыңға жуығы – бірінші курс студенттері. Барлығы бірнеше күннен кейін дәстүрлі формада білім алуға кіріспек. Сонымен қатар 500-ге жуық маман жұмыстарын бастауға дайындық үстінде.

Авторлар: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Жеңіс Темірболат