Алматы автобустарында санитарлық қауіпсіздікті сақтау қиынға соғып тұр

Алматының қоғамдық көліктерінде бетперде тағу талабы сақталғанымен, әлеуметтік арақашықтықты ұстану оңайға соқпай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, таңертеңгі және кешкі уақытта автобуста жолаушылар көп болады. Қала әкімдігі қоғамдық көлік санын көбейту арқылы санитарлық талаптың қатаң қадағалануын қамтамасыз етеміз деп отыр.

Бұл – Алматыдағы көлік ағыны да, жолаушылар тасымалы да көп көшенің бірі. Мұнда таңғы уақытта жолаушылар саны күрт артады. Нәтижесінде автобустарға сыймай жатады. Ал жолаушылар бетперде талабын сақтағанымен, әлеуметтік арақашықтықты сақтау мүмкін болмай тұр.

Бұл мәселеден қалалық әкімдік хабардар. Пандемияға дейін қоғамдық көліктер тәулігіне 1,5 миллионға дейін жолаушы тасымалдаған болса, қазір 800 мың жолаушыға дейін азайған. Бірақ 119 бағыт бойынша қызмет көрсететін 1680 автобус таңғы және кешкі уақытта жетпей қалады екен.

Әсет Түлешов, қалалық мобильділік басқармасы басшысы орынбасарының м. а.:

– Тек автобус санын көбейту керек. Автобус саны көбейгенде автобусқа мінген адам саны азаяды. Түнгі уақытта автобус парктерінде жүйелі дезинфекция жүреді, автобус толық жуылып, шайылады және соңғы аялдамаларда қосымша дезинфекция жүргізіледі.

Қоғамдық көліктерді мониторингтік топ мүшелері де тексеріп тұрады. Олар жолаушылардың бетперде тағуын қадағалайды. Ескерту жасалып, тіпті айыппұл салынады. Оған қосымша автобустағы бейнебақылау камерасы арқылы карантиндік тәртіпті бұзғандар да анықталып, қажетті шара қолданылуда.

Ал коронавирусқа қатысты статистика күн сайын артып келеді. Мәлімет бойынша, елімізде өткен тәулікте 1180 адам аталған ауруды жұқтырған. Ал Алматы қаласында 115 жаңа дерек тіркелді.

Авторлар: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов