Алматыда мүмкіндігі шектеулі балалар үшін оқу процесі қалай ұйымдастырылған

Б.Сағынтаев ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оқу процесін ұйымдастырудың жағдайларымен танысты.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында №7 арнайы түзету мектеп-интернатында болып, оқу процесінің ұйымдастырылуымен, қолға алынған санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларымен танысты.

Қала әкімі Б.Сағынтаев Іnstagram-дағы өзінің парақшасында жаңа тоқсанның басталуына орай мектептерде кезекші топтардың саны артқанын атап өтті. Мұндағы ең осалы – мүмкіндігі шектеулі балалар.

«№7 арнайы түзету мектеп-интернатында болып, оқу процесінің ұйымдастырылуымен, қолға алынған санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларымен таныстым», – деп жазды Б.Сағынтаев.

Мектепте 216 бала білім алады. Одан басқа 200 балаға үй жағдайында сабақ беріледі. Әлеуметтік-психологиялық оңалту мен бейімдеу, шығармашылық әлеуетті дамыту мен еңбекке баулу үшін барлық жағдай жасалған. Тігін немесе ағаш ұстасы ісінің қыр-сырын меңгере отырып, жасөспірімдер 9 сыныптан кейін колледжге түсіп, мамандық алады. Сондай-ақ мұнда емдік дене шынықтыру, музыка мен би бойынша сабақтар өтеді.

«Ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетіп, олардың жан-жақты дамуына барынша жағдай жасайтын боламыз. Ата-аналарының шыдамдылық танытқаны маңызды. Өйткені ерекше балаларды әлеуметтендіру процесі оңай емес», – деп атап өтті Алматы әкімі.