Алматыда тауарларды сатуға заңсыз сертификат бергендер жазаланды

Алматыда тауарларды сатуға және қолдануға рұқсат сертификаттарын заңсыз берген 35 компания әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Техникалық реттеу және метрология комитетінің қалалық департаменті өткізген тексеріс нәтижесінде 5 мыңнан астам сертификат жарамсыз деп танылды. 4 мыңнан астам декларацияның күші жойылды. Заңсыз сертификаттар құрылыс материалдарына; цемент, түс қағаздар мен бояуға, электр тауарлары, байланыс құралдары, ойыншықтар, косметикалық бұйымдар мен синтетикалық жуғыш заттарға берілген. Сертификаттардың жарамдылық мерзімі 1 жылдан 5 жылға дейін. Техникалық реттеу, акредиттеу және өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы өрескел бұзған компанияларға 18 млн 560 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.  

Құралбек Қызғарин, техникалық реттеу және метрология комитеті Алматы қаласы бойынша департаментінің бас маманы:

– Сол органдардың 60 пайызынан қателіктер табылды. Олардың жұмыстарын тоқтатқан жоқпыз. Біз тек сәйкестік сертификаттарының күшін жойдық. Ол заңсыз берілген. Кейбір жерлерінде сынақ жасайды. Сол сынақтары дұрыс жасалмаған. Сосын сәйкестік сертификатын толтырған кезде қателер кеткен.