Жүргізуші куәлігінсіз жүргендерге енді айыппұл салынбайды

Енді көлікке қатысты құжаттарды өзіңізбен алып жүрмесеңіз де болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Жол қозғалысы туралы» заңға осындай өзгеріс енгізілді. Жүргізушіге куәлік пен техникалық паспортты көрсету міндетті емес. Полицейлер аталған құжатты тек ортақ базадан тексереді.

Бұдан былай көлік жүргізу үшін тек жеке куәлікті көрсетсе де жеткілікті болады. Аталған заң Сенат отырысында қабылданды. Күн тәртібінде 4 заң қаралды, соның үшеуі халықаралық келісім, ал біреуі көлік жүргізуге қатысты норма. Соңғысын Парламент депутаттары дайындаған. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде Президент көтерген мәселе бойынша жүргізуші куәлігінсіз жүргендерге айыппұл да салынбайды.

Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Жүргізуші өзімен бірге жеке куәлігімен жүрсе, патрульдік полиция тоқтатқан жағдайда сол жеткілікті болады. Цифрландыру аясында бүкіл деректер ІІО базасына енгізілген.

Бұл норма мемлекеттік тіркеу нөмірі шетелдік немесе жүргізуші куәлігін басқа мемлекеттен алғандарға қолданылмайды. Оларда құжаттың болуы міндетті. Бұған дейін техникалық паспортсыз жүргендерде де әкімшілік жауапкершілік жүктелетін. Енді бұл ереже де алынып тасталды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Қабылданған заң Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысында жасаған ұсыныстары аясында әзірленді. Соған сәйкес, енді көлік жүргізгенде жүргізуші куәлігін және көліктің техникалық паспортын бірге алып жүру міндеті алынып тасталады. Бұл цифрландыру жұмыстарының нақты нәтижесі екені сөзсіз.

Былтыр елде 14 мың жүргізушісі көлік басқару куәлігін үйінде қалдырып кеткені үшін айыппұл төлеген. Енді ұмытшақтар арқасын кеңге сала алады. Десе де, темір тұлпар иелеріне жүктелетін жауапкершілік мұнымен жеңілдемейді. Ең бастысы жолда жүру мәдениетін сақтап, ережені қатаң орындау керек.

Рауан Мыңбаев