Алматы орталығындағы көп қабатты үйді жарқанаттар мекендейді

Тұрғындар 3 жылдан бері қанатты тышқаннан құтыла алмай келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үйдің тазалығына жауапты мекеме өкілдері де дәрменсіз. Бірнеше рет дезинфекция жасағанымен, мақұлықтар қабаттан қабатқа көшіп, тұрғындардың зәресін алатын көрінеді.

Алматының қақ ортасындағы мына көп қабатты тұрғын үй 1974 жылы қолданысқа берілген. Сырт қарағанда еңселі үйдің кіреберісі мен дәлізі әбден тозған. Тұрғындардың айтуынша, соңғы үш жылда үйде жарқанаттар пайда болыпты. Күндіз қабырғаларда жабысып тұратын олар, түнде белсенді тіршілікке көшетін көрінеді. Тұрғындардың үйге кіріп-шығуы мұңға айналған. 

Рымбибі Мақсұтқызы, қала тұрғыны:

– Үш күн бұрын мен айналып арғы лифтке әзер кірдім. Артымнан қуады. Қайдан шығатынын білмеймін. Ұясы бар дейді осы үйде. Ауласа да таусылмайды.

Айгүл, қала тұрғыны:

– Менің балаларым шыққан кезде бұрышта жарқанаттар жатады. Лифтке кірген кезде қорқады, үйге кірсе де дауыстары шыңғырып шығады. Өзіміз де қорқамыз.

Әлемді әбігерге салған коронавирус жарқанаттан тараған деген дәлелденбеген пікір бар. Тұрғындардың үрейленуінің тағы бір себебі осы. Олардың айтуынша, бірнеше рет тазалау жұмыстары жүргізілген. Бірақ жарқанаттан құтылу әзірге мүмкін болмай отыр.

Жалпы, жарқанаттың әлемде мыңнан астам түрі бар. Биологтардың айтуынша, біздің елімізді мекендейтін жарқанаттар қауіпті емес, олар тек жәндіктермен қоректенеді. Мәселен, 1 сағатта бір жарқанат 600 масаны жоқ қылады.

Марина Чирикова, ҚР зоология институтының ғылыми хатшысы:

– Қазір оларда қысқы тыныштық уақыты. Ал жазда түнде ұшып, өзінің жемтігін аулайды. Олардың бір ерекшелігі қанша қуса да жарқанаттар өздері мекендеген жеріне оралады. Әрі топтасып өмір сүру олардың жаратылысына тән.

Ғалымның айтуынша, кейбір түрлері Қызыл кітапқа енгендіктен, жарқанатты өлтіруге болмайды. Ал көп қабатты үйдегілері қандай түрге жататыны әзірге белгісіз. Пәтер иелері жазда жарқанаттар мүлдем көбейіп кете ме деп уайымдайды. Олардан құтылу үшін көктемде есік терезелерді, шатырды ашып қуу қажет. Содан соң күрделі жөндеу жұыстарын жүргізіп, қуыс-қуысты бітеу керек.

Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов