Түркістанда қоғамдық көлік мәселесі шешілмей тұр

Өткен жылы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жариялаған конкурсқа бірде-бір компания қатыспаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы халыққа есеп берген Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов айтты.

Жандос Жұмабек, тілші:

– Бұл – Түркістан қаласындағы мәдени-рухани орталықтың қазіргі келбеті. Мұнда жаңа облыстық драма театр, неке сарайы, туризм және меймандостық университетінің ғимараттары орналасқан. Ал одан сәл әріректе «Ұлы дала елі», «Қабылдау» орталығы, Шығыс моншасы және облыстық әмбебап кітапхана жайғасқан. Бұдан 1-2 жыл бұрын бұл жердің барлығы жеке тұрғын үйлер болатын. Бір сөзбен айтқанда қалада қоғамдық көліктен басқаның бәрі өзгеріп, жаңарған. Тек ескі шағын автобустар ғана түленген Түркістанның болмысын бұзып тұр.

Қала әкімі өткен жылғы халыққа есеп беру жиынында қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешетінін айтқан. Шаһардағы жалғыз тасымалдаушы компания 2019 жылы 26 автобус сатып алғанын, енді тағы 100-ін сатып алу бойынша бірге жұмыс істеп жатқанын жеткізген еді. Бұдан бөлек, Түркістан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы өткен жылдың күзінен бастап, қалаға жаңа электробустар келе бастайтынын да хабарлаған. Бірақ одан бері 1 жыл өтті.

Рашид Аюпов, қала әкімі:

– Пандемияға байланысты көптеген зауыт мен шекара жабылып, Түркістан облысының әлеуметтік кәсіпкерлік коорпорациясы жариялаған конкурсқа қатысқандар болмады. Жеңімпаз анықталмады. Сондықтан қоғамдық көлік мәселесін шеше алмадық. Бірақ биыл 880 млн теңге субцидия қарастыруда. Жаңа автобустар әкелемін деген кәсіпкерлердің барлығын Түркістан қаласына шақырамыз. Қажет болатын болса, субсидияны көбейтуге мүмкіндік болады.

Түркістандықтар үшін тағы бір өзекті мәселе бар, ол – газ. Шаһар басшысының айтуынша, бүгінгі күні қала халқының 63% проценті ғана көгілдір отынмен қамтылған. Алғашқы аяздардар да газдың қызығын енді көреміз деген кейбір тұрғындардың құбыры қатып, біраз жұрт әлекке түсті.

Ақылбек Қарабалаев, қала тұрғыны:

– Газдан су қатып қалып жатыр. Қайта-қайта түнімен шығып кептіреміз, қыздырамыз. 10-15 минут жанады, кейін қайтадан өшіп қалады. Үй суып кетеді.

Рашид Аюпов, қала әкімі:

– Қалаға газ құбырларын тарту кезінде мұндай жағдайлар жиі болып тұрады. Бұл тек біздің қалада ғана емес, газ құбырын жүргізген барлық қалада кездесетін жайт. Құбыр ішінде қалып кеткен су бірте-бірте 5-6 айдың ішінде өзі кетеді. Бұл тәжірибеде бар жағдай.  

Шаһар басшысы өткен жылдың басында 2020 жылдың соңына дейін Түркістан қаласы көгілдір отынмен 100 процент қамтылады деген болатын. Алайда қалаға газ құбырын тарту жұмыстарының өзі жақында ғана аяқталды.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы