Ақмола облысында бес жыл бұрын жер алған 160 адам құрылысты бастай алмай отыр

Ақмола облысында 5 жыл бұрын жеке үй салу үшін жер телімін сатып алған 160-қа жуық адам құрылыс жұмыстарын әлі бастай алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларға тиісті рұқсат қағаздары берілмеген. Ал, архитектуралық-жоспарлау тапсырмасына қолы жеткен санаулы азамат су, жарық, жол сияқты инфрақұрылымдық игіліктердің жоқтығына наразы. Бұл мәселеге қатысты жергілікті әкімдіктің де өз айтары бар.

Нұршапағат Несіпбаев тілші:

- Бұл жерде дәл осындай тағы 160-тан астам үй салынуы тиіс еді. Алайда өзге тұрғындар қолдарында архитектуралық жобалау құжаттамасы болмағандықтан, құрылыс жұмыстарын бастауға жүрексініп отыр. Назар аударуға тұрарлық тағы бір қызықты жайт, жер телімдері тұрғындарға үй салу үшін сатылған. Алайда әкімдіктің хабарлауынша, о баста бұл жер ауыл шаруашылығы мақсатында қолдануға ғана берілген екен.

Алтынбек Садықов – атышулы аумақтан агенттіктердің бірі арқылы жер телімін сатып алғандардың бірі. 5 жыл бұрын 18 миллион теңге жұмсап, мына екі қабатты үйді салған. Алайда жылжымайтын мүлік еш жерде тіркелмеген. Себебі, ешбір елді мекеннің аумағына кірмейді. Сондықтан мұнда су мен электр энергиясын тартып, тас жол төсеу көзделмеген. Ал бастапқыда бұл жердің басқа мақсатта қолдануға бөлінгенін Алтынбек те, өзге 160-тан астам азамат та білмейтін болып шықты.

Алтынбек Садықов, жер телімінің иесі:

- Бас жоспарда шаруашылық деген болған жоқ. Ол жерде коттедж қалашығы деген болды. Ең кем дегені 10 сотық. 12-15 сотықтар болды. Менің үйімнің жанында мектеп болуы керек, ал ана бұрышта бас жоспар бойынша балабақша болуы керек. Бізге «сала беріңіздер» деді. Түбінде коммуникация болады деді.

Алтынбектен басқа жер телімін сатып алған тағы 6 адамға архитектуралық-жоспарлау тапсырмасы беріліпті. Ал қалғандары тиісті рұқсат қағаздарына қолы жетпеген соң 5 жыл бойы құрылыс жұмыстарын жүргізе алмай отыр. Целиноград ауданының әкімдігі ұсынған деректерге сай, жер телімдерінің қолданылу мақсатын өзгертіп, оны сатқандарға қатысты кезінде қылмыстық іс қозғалған. Ал дауға негіз болған аумақтың көлемі 60 гектардан асады.

Сұлушаш Қалиева, заңгер:

- Мысалы бізде бір кісі бар. 7 баласы бар. Осында үй салам, тұрам деген кісі. Жерді 5-7 миллионға сатып алған. Қазір сатқан кісіні де таба алмаймыз. Ол кісі Израильге ме, Грекияға ма, кетіп қалған.

Целиноград ауданының әкімдігі бұл мәселеден хабардар. Былтырдан бастап алаяқтарға алданған азаматтарды «өзге елді мекендерге орналастырудың қамына кірістік» дейді. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстарын бастамағандарға Талапкер ауылынан жер берілмек.

Бақытбек Оспанбеков, Целиноград ауданының әкімі:

- 2005 жылы ауыл шаруашылығы мақсатында қолданылуы тиіс жердің статусы өзгертілді. Бұл өзгеріс аталған жер телімдерінде тұрғын үй құрылысын жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл адамдардың қолына мемлекеттік акт берілген. Енді біз сатып алушыларды елді мекенге көшіруді ұсынып отырмыз. Онда ауыл шаруашылығы мақсатындағы, бірақ бас жоспар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге мүмкіндік беретін жер телімдері бар. Олар коммуникациямен қамтамасыз етіледі.

Ал елорда іргесіндегі даулы аумақта үй салып үлгерген азаматтардың мәселесі жеке-жеке қаралады. Аудан әкімінің қабылдауында болған сатып алушылар мен жергілікті шенділер осындай келісімге келді.

Авторы: Нұршапағат Несіпбаев