424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үш жыл бұрын іске қосылған Арқалық ет комбинатының жұмысы мардымсыз

  • 197
  • UPD: 10:55, 22.01.2021

Үш жыл бұрын іске қосылған Арқалық ет комбинатының әлі күнге жұмысы мардымсыз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күніне үш тонна шұжық, бір тонна консервіленген ет шығаруға қауқарлы кәсіпорын бүгінде соның 10-15%-ін ғана өндіріп отыр. Негізгі себеп – шикізаттың тапшылығы.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Ресми мәліметке сүйенсек, қазір Торғай өңірінде 100 мыңға жуық ірі қара бар. Арқалықта ет комбинатын ашқанда бір жағынан осы жекенің қолындағы төрт түлікке үміт артқан еді. Алайда жергілікті халық малдарын комбинатқа тапсырғысы жоқ. Өйткені олардың белгілеген бағасы нарықтағыдан біршама төмен дейді.

Мағзұм Баймағамбетов, Жанкелдин ауданының тұрғыны:

- Сырттан оңтүстіктен келіп, бізден мал алып жүргендер бар. Олар енді сұраған бағаны еріксіз береді. 190-нан алады кемі, ал биыл бұзау, соның өзін олар 150 мыңнан алып кетті.

Ал, Арқалық ет комбинаты ірі қараны әрі кеткенде 130-140 мың тенгеге алады. Айырмашылық біршама. Әрине, ақ адал малын кім арзанға  бергісі келеді. Ет комбинаты да қымбат алып, өнімдерінің өзіндік құнын өсіргісі жоқ. Осыған байланысты шикізат тапшылығы туындап отыр. Бұл тығырықтан шығу үшін былтыр Арқалықта 5 мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңының құрылысы басталды. Биыл соның ең болмағанда жарты бөлігін іске қосу жоспарда бар. Ал бордақылауға қойылатын мал басы күзге дейін мың жарымға жеткізілмек.

Руслан Құлметов, Арқалық қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Қазіргі таңда ол жерге жемдеу алаңына 250 бас ірі қара кіргізілді. Қазіргі таңда бордақылау алаңында тұр. Оның сыртында 110 бас жылқы. Ол да қазіргі таңда бордақылау алаңында тұр. Алдағы ақпан айында енгізу актілерін ақырын-ақырын, бірте-бірте берілгеннен кейін май айына дейін біз толықтай 500 бас ірі қара алдыртамыз деп отырмыз.

Алдағы бір-екі жылда бордақылау алаңы толық іске қосылғанда ет комбинаты шикізаттан зәрулік көрмейді. «Тұрақты жұмыс істеп, күніне 10 тонна ет өнімдерін шығаратын болады», - дейді жергілікті мамандар.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы